Алматы облысында МИ-8 тікұшағының апаты салдарынан қаза тапқан сегіз әскеридің туыстарына жерлеу рәсіміне көмек көрсетіледі

Күні: 15:18, 28-03-2019.

Талдықорған. 28 наурыз. ҚазТАГ - Алматы облысында МИ-8 тікұшағының апаты салдарынан қаза тапқан сегіз әскеридің туыстарына жерлеу рәсіміне көмек көрсетіледі, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Белгілі болғандай, қаза тапқан 13 әскеридің 8-і біздің облыстан. Қазір ең бастысы – марқұмдардың туыстары мен жақындарына психологиялық қолдау көрсету. Облыс басшылығы тарапынан жерлеу рәсімдеріне қатысты барлық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар марқұмдардың отбасыларына материалдық көмек те беріледі», - деді бейсенбідегі брифингте Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ғалымұрат Жөкел.
Өз кезегінде №21751 әскери бөлімі командирінің орынбасары Бекболат Жұмабаев қорғаныс министрлігі марқұмдардың отбасыларына моральдық және материалдық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдайтынын жеткізді.
«Қолданыстағы заңнама аясында жалақы көлемінде 5 жыл бойына бір жолғы ақшалай өтемақы төленетін болады. Қызметтік үйін тегін жекешелендіру мүмкіндігі ұсынылады немесе баспана сатып алуға ақшалай өтемақы төленеді, сонымен қатар жерлеуге қатысты барлық шығындары өтеледі», - деп түсіндірді Жөкел.
Еске салсақ, бұған дейін белгілі болғандай, сағат 17.35-те «112» тетігіне Қызылорда облысы Жалағаш ауданында ҚР ҚК ӘҚК ӘӘК МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырағаны туралы хабар келіп түсті. Тікұшақ белгісіз жағдайларға байланысты құлап, толығымен жанып кеткен. Тікұшақ бортында 13 экипаж мүшесі болған, олардың барлығының қайтыс болғаны жеткізілді.
Қорғаныс министрлігінде нақтыланғандай, Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, аталмыш тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.
Ведомствода атап өткендей, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен апат орнына арнайы құрылған ҚР Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілді. Қорғаныс министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, болған әуе апатының себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жағдайға президент Қасым-Жомарт Тоқаев түсінік берді. Ол марқұмдардың туыстарына материалдық көмек көрсетуге уәде берді


Жаңалықтармен бөлісу: