Алматы облысында әсери-дала госпиталы ашылды

Күні: 12:20, 03-04-2020.

Астана. 3 сәуір. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Алматы облысында әскери-дала госпиталы ашылды, деп хабарлады қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.
«Медициналық қызмет те (қорғаныс министрлігі – ҚазТАГ) көмек көрсетуге дайын, және қазірдің өзінде денсаулық сақтау министрлігіне көмек көрсетуде, қазір Алматы облысында әскери-дала госпиталы ашылды», - деді Ермекбаев жұмадағы брифингте.
Ол атап өткендей, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бөлігі алдын-ала қабылданған шаралардың есебінен азаматтық қорғаныс жоспары бойынша әзірленген және қайта бағытталған.
2 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға тарту туралы жарлыққа қол қойды.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 444 жағдайы тіркеліп, 27-сі жазылып, үш адам көз жұмды.


Жаңалықтармен бөлісу: