Алматы облысындағы т/ж стансаларының бірінің басшысы радиациялық көрсеткіші нормадан жоғары тауарлар тиелген вагондарды кедергісіз өткізу үшін пара алып келген

Күні: 17:33, 22-02-2019.

Астана. 22 ақпан. ҚазТАГ – Баубек Қоңыров. Алматы облысындағы теміржол стансаларының бірінің басшысы радиациялық көрсеткіші нормадан жоғары тауарлар тиелген вагондарды кедергісіз өткізу үшін пара алып келген, деп мәлімдеді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облыстық департаменті жедел-іздестіру шаралары барысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ «Алтынкөл» теміржол стансасы бастығының парақорлық фактісін анықтады. Ол халық тұтынатын тауарлар тиелген вагондарды кедергісіз кіргізу үшін сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларынан 17,8 мың АҚШ доллары көлемінде жүйелі түрде пара алғаны үшін күдікке ілініп отыр. Аталған тауарлардың радиациялық көрсеткіші нормадан жоғары болған", - деді жұмадағы брифингте Бастарова.
Ол атап өткендей, ағымдағы жылы 20 ақпанда күдікті ұсталып, Талдықорған қаласындағы ПБ уақытша ұстау абақтысына тоғытылған. Тергеу жалғасуда.
"Бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралуда. Тергеу жалғасуда ", - деп атап өтілген брифинг барысында.


Жаңалықтармен бөлісу: