Алматы облысының Байтерек аулында 280 орындық жаңа балабақша ашылды

Талдықорған. 24 тамыз. ҚазТАГ – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Байтерек аулында 280 орындық жаңа балабақша ашылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Облыс әкімшілігінің сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Айжан» балабақшасы бүгін өзінің алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдады. Балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысты.
Өз құттықтауында облыс басшысы А. Баталов:
- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мектепке дейінгі тәрбиемен қамту туралы тапсырмасына сәйкес облыста биылғы жылы 92 балабақша және 17 шағын орталықтар ашу жоспарланған. Бұл өз кезегінде балабақшамен қамту деңгейін 77,3 % көтеруге мүмкіндік береді. Бүгінгі жаңа балабақша 280 балдырғанды қабылдап отыр. Бұл аса маңызды және қуанышты жай, - деді.
2013 жылы басталған «Айжан» балабақшасының құрылысына 567,829 млн. теңге бөлінген. Мекемеде музыкалық және спорттық залдар, әдістемелік және медициналық кабинеттер, психолог, өзін-өзі тану, қазақ тілі бөлмелері, асхана бар. Мұнда балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
Балабақшаның материалдық-техникалық базасымен танысқан А. Баталов мұнан соң Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңында болды.

adimage