Алматы облысының Бесағаш аулында 600 орындық жаңа мектеп ашылды

Талдықорған. 24 тамыз. ҚазТАГ – Алматы облысының Талғар ауданындағы Бесағаш аулында облыс әкімі Амандық Баталов мен ҚР білім және ңылым министрі Аслан Сәрінжіповтың қатысуымен жаңа мектеп-гимназия ашылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Облыс әкімшілігінің сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы облысының әкімі А. Баталов пен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қатысуымен Талғар ауданы Бесағаш ауылында 600 орынды № 45 жаңа мектеп-гимназиясының салтанатты ашылуы өтті.
Құттықтау сөз сөйлеген облыс басшысы А. Баталов:
-   Бүгін біз жаңа мектепті ашып отырмыз. Мектеп - жас буынның білімі мен тәрбиесіне негіз болатын киелі мекен. Сондықтан жаңа мектептен елжанды ұрпақ пен болашақ жоғары білікті мамандар өсіп шығады деп сенемін, - деді.  
Өңір басшысының айтуынша, биыл Алматы облысында 19 жаңа мектеп салынуда. Оның 1-еуі осы Бесағаштағы мектеп болса, тағы 15-і 1 қыркүйек күні, ал 3-еуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Соның ішінде 10-ы үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, ал 5-еуі авариялық мектептерді жою бағытында салынуда.
Бесағаш ауылындағы № 45 жаңа мектеп-гимназияның құрылысы 2014 жылдың қыркүйегінде басталған болатын. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метр, 600 орынға лайықталған, шеберхана, мультимедиялық кабинет, химия, физика, биологияға арналған арнайы кабинеттері жасақталған. Мектепте спорт зал, асхана, медициналық және стоматологиялық кабинеттер жұмыс істейтін болады.
Салтанатты жиыннан кейін ресми делегация Іле ауданы Тілендиев ауылындағы 600 орынды және Комсомол ауылындағы 450 орынды мектептердің  құрылыс алаңдарында болды.

adimage