Алматы облысының әкімі Инчхондағы Азиада чемпионына пәтер кілтін тапсырды

Күні: 16:07, 15-10-2014.

Талдықорған. 15 қазан. ҚазТАГ – Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жазғы XVII Азиада ойындарының чемпионы Маргарита Елисееваға пәтер кілтін табыс етті, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметіне.  
«Алтын медаль иелері зілтемірші Маргарита Елисееваға, бокстан Жәнібек Әлімханұлына, грек-рим күресінен Нұрмахан Тінәлиевке әрқайсысына 1 млн. теңгенің сертификаты берілді. Ал күміс медаль иегері зілтемірші Зүлфия Чиншанло 750 000 теңгенің сертификатына ие болды», - деп көрсетілген облыс әкімінің сайтында жарияланған хабарда.
Талдықорғанның «Жастар» Спорт сарайында өткен марапаттау рәсімінде жазғы Азия ойындарының басқа да жеңімпаздары мен олардың жаттықтырушыларына 250 000 – 500 000 теңге аралығында сыйақы тапсырылды.
Құттықтау сөзінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: «Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі үлгі болып, спортты насихаттап, елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Саңлақтарымыздың бүгінгі жетістігі – Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесі», - деді.
Өңір басшысы спортшыларға жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін, ал жаттықтырушыларға елдің, облыстың абыройын асқақтатқан спортшыларды тәрбиелегендеріне ризашылығын білдірді:
- Біз қазақстандық спортшылардың әр сайысын қалт жібермей қарап отырдық. Әсіресе, облыс спортшылары үшін қатты алаңдадық. Сіздер жерлестеріңіздің үмітін ақтадыңыздар! Сіздер – біздің облыстың және еліміздің мақтанышысыздар. Бұл еңбектеріңіз зор ілтипат пен марапатқа лайық, - деді облыс әкімі А.Баталов.
Еске сала кетсек, Қазақстан ұлттық құрамасы жазғы Азия ойындарында 84 медальға қол жеткізіп, Қытай, Оңтүстік Корея мен Жапониядан кейінгі төртінші орынды иеленді. Алматы облысының 35 спортшысы осы бәсекеде ел намысын қорғады. Олар 3 алтын, 1 күміс, 3 қола – жалпы саны 7 медаль алып қайтты.


Жаңалықтармен бөлісу: