Алматы облысының әкімі өңірге газ тарту жұмыстарын қатаң сынға алды

Күні: 12:34, 16-10-2014.

Алматы. 16 қазан. ҚазТАГ - Өңірлік газдандыру сызбасын жүзеге асыру жөніндегі жиында аймақ басшысы Амандық Баталов газдандыру ісіне қатысты сала басшыларын сынға алды, деп хабарлады бейсенбіде әкімнің баспасөз қызметінен.  
264 шақырымдық «Алматы - Талдықорған» магистралды газ құбырының бүгінге дейін 148 шақырымы төселген. Осы жоба негізінде жол бойы 7 аудан газбен қамтылатын болады.   Қазірдің өзінде әр елдімекендегі бұрылатын желілер мен жинақтаушы стансаларды бөлшектік жобалау жұмыстары басталау керек болатын.  
«Алайда, белгілі болғандай, аудандар бойынша газ құбырларын төсеудің бас схемасына дайындық та басталмаған. Ал осындай көлемдегі жобаның жүзеге асырылуына жауапты шенеуніктер тіпті қарапайым сұрақтарға да жауап бере алмай отыр», - делінген әкімдік хабарында.  
Жиын барысында энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Сергей Салагаев осы 7 ауданда қанша елдімекенге көгілдір отын жеткізіледі, ауылдарға газ құбырлары қай тұстарда бұрылады, құбырлар қай жолдар арқылы төселеді деген сияқты мәліметтердің ешқайсысын білмейтін болып шықты.
Жыл бойы атқарған жұмысы туралы облыс әкімінің сауалына құрылғанына 1 жыл болған «Жетісу-Облгаз» ЖШС Бас директоры Қанатбек Алдабергенов та мардымды жауап бере алмады.  
«Мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп, облыс орталығына газ құбыры тартылуда. Оның тең жартысынан астам шақырымы төселді. Талдықорғаннан бөлек жол бойы облыстың 7 ауданының халқы көгілдір отынның игілігін көруі керек. Бірақ, газдандыру мәселесіне қатысты ешқандай іспен айналыспағансыңдар! Жиналысқа мүлде дайындықсыз келгенсіңдер!» - деді облыс әкімі  А. Баталов.
Кездесу соңында өңір басшысы  газдандыру мәселесі   үстірт қарауды көтермейтін өте маңызды мәселе болғандықтан, жақын арада қайта жиналуды және оған аса тыңғылықты дайындықпен келуді қатаң тапсырды.


Жаңалықтармен бөлісу: