Алматы түбінде Bek Air ұшағы құлауының басты нұсқасы - мұз қату

Астана. 10 қаңтар. ҚазТАГ – Алматы түбінде Bek Air ұшағы құлауының басты нұсқасы - мұз қату деп аталды, деп хабарлады ҚазТАГ ХАА агенттік тілшісі.
«Болған апаттың негізгі нұсқасы – әуе кемесінің үстіне мұздың қатып қалуы», - деді жұма күні вице-премьер Роман Скляр баспасөз мәслихаты барысында.
Еске салсақ, 27 желтоқсанда 07.22-де Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы Bek Air әуекомпаниясының №Z2100 рейсі ұшу барысында биіктіктен жоғалып, бетон қоршауды бұзып, екі қабатты нысанға соққан. Вице-премьер Роман Скляр нақтылағандай, Bek Air ұшағының артқы бөлігі екі рет ұшу жолағына тиген.
Борттағы ұшақтың өздігінен жазатын құралы табылды. Жалпы барлығы бортта 93 жолаушы, оның үшеуі - нәресте және 5 экипаж мүшесі болған.
Әуеапатынан 12 адам мерт болды, оның ішінде Informburo.kz интернет-порталының журналисі Дана Круглова мен Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы Рустем Қайдаров бар.
Президент Тоқаев ұшақ апатында қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен премьер-министрдің басшылығымен үкіметтік комиссия құрылды.
«Кінәлілердің барлығы заңға сәйкес қатал жазаланады», - деді Тоқаев.
27 желтоқсан күні кешкісін президент шұғыл кеңес өткізіп, келесідей тапсырмалар берді: ұшақ апатына соқтырған себептерді сапалы әрі объективті түрде тексеруге; «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамын білікті мамандармен қамту жұмыстарын толық аяқтау шараларын қабылдауға; Қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компанияларының жұмыстары мен авиациялық инфрақұрылым нысандарын тексеруге тапсырма берді. Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апатына соқтырған себептерді анықтау, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту, сондай-ақ, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде шара қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ, үкіметке Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерімен бірлесіп қаза болған азаматтардың отбасыларына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуді тапсырды. Қайтыс болғандардың жақындарына жан-жақты психологиялық және медициналық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек беріледі.
Bek Air әуекомпаниясының қызметі уақытша тоқтатылды.
Ішкі істер министрлігі «Fokker-100» жолаушылар ұшағының Алматы облысы Гүлдала ауылында апатқа ұшырауына байланысты ҚР ҚК 344 бабы 3 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
28 желтоқсанда белгілі қазақстандық заңгер Бақытжан Базарбек Талғар ауданындағы Гүлдала және Әлмерек ауылдары арасындағы алаңы 150 га жер телімі, ұшақ апатқа ұшыраған жер, ауыл шаруашылық мақсатындағы жер болғанын және Б.есімді әйелдің жеке иелігінде болғанын айтты. Ол бұл жердің ұшу-қону жолағына өте жақын орналасқанын, ол жерде тұрғын үй құрлысы тұрмақ, суарылуына байланысты мал шауаршылығымен байланысты ауыл шаруашылық саласының кей түрлерімен де айналысуға болмайтынын айтты, себебі оған құстар үйір болады, ал құстар ұшақтың ұшуына кедергі келтіреді. Заңгер жергілікті шенеуніктердің қатысы бар болуы мүмкін көптеген айла-шарғылар туралы да айтты. ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында ол айла-шарғы туралы мақалалары жарық көргеннен кейін оған қысым көрсетіле бастағандығы туралы да айтқан еді.
30 желтоқсанда ҚазТАГ ХАА хабарлағандай, Алматы маңында құлаған Fokker 100 ұшағын әлем бойынша сегіз әуе компаниясы пайдаланады – тайвандық Formosa Airlines пен Mandarin Airlines, немістің Contact Air және OLT Express Germany, ауғандық Kam Air және Safi Airways, африкалық Air Djibouti және қазақстандық Bek Air. 5 қаңтарда ҚазТАГ ХАА Fokker 100 түрлі апаттарында 200-ден астам адамның ажал құшқанын және олардың көбінде ұшаққа мұз қату себеп болғанын хабарлады.
5 қаңтарда Bek Air бұрынғы басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов Алматы түбіндегі әуеапатын «түрлі жағдайлардың тоқайласуы» деп атады, ал бір апта бұрын – 30 желтоқсанда баспасөз мәслихатында ұшақ соққан тұрғын үйді кінәлаған еді.
6 қаңтарда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті тексеру аяқталмайынша Bek Air ұшағының апатқа ұшырауына қатысты түсінік бермеулерін өтінді.
8 қаңтарда Қазақстан билігі Bek Air билеттерін сатып алудан уақытша бас тарта тұруды ұсынды.

adimage