Алматы және Алматы облыстарында бірнеше полицейге қатысты тергеу амалдары басталды

Астана. 9 қазан. ҚазТАГ – Алматы және Алматы облыстарында бірнеше полицейге қатысты тергеу амалдары басталды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Ағымдағы жылдың 8 қазанында сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі Алматы облысының Полиция департаментінің Қауіпсіздік қызметі басқармасымен (ҚҚБ) бірлесіп бірқатар полиция қызметкерлерінің, соның ішінде басшылық құрамның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау фактілерін анықтады. Атап айтсақ, полиция майоры, Алматы облысының ПД Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушыға, аға лейтенант, Алматы қаласының ПД Түрксіб аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторына қатысты азаматты алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы күдіктінің ісін неғұрлым жеңіл санатқа қайта саралау желеуімен 1 250 000 теңге сомасындағы қаражатын иемденгені үшін Алматы қаласында сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп хабарлады сәрсенбіде сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінен.
Ведомствода нақтылағандай, ПБ бастығының міндетін атқарушы ұсталып, Алматы қаласының ПД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Алматы облысында осыған ұқсас қылмыс жасау күдігі бойынша Қарасай ауданы полиция басқармасының тергеушісі әшкереленді. Ол азаматты алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы басқа тергеушінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша бас бостандығын шектеумен байланысты жазаны қолданбас үшін 2,5 млн теңгеге жуық қаражатты иемденгенді деп күдіктелуде», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, аталмыш деректер бойынша тергеу жалғасуда.

adimage