Алматыда 102 бала карантинде жатыр

Күні: 15:57, 30-03-2020.

Алматы. 30 наурыз. ҚазТАГ – Махамбет Әбжан. Алматыда 102 бала карантинде жатыр, деп хабарлады Алматы қ. бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тлеухан Әбілдаев.
«Ем қабылдап жатқандардың арасында 11 жасар бала бар. Қазір ол әкесімен бірге балалар жұқпалы ауруханасында жатыр. Провизорлық орталықтарда 1046 адам бар, оның 102-сі бала», - деді Әбділдаев дүйсенбідегі брифингте.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 500 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 25 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 294 жағдайы тіркеліп, 20-сы жазылып, бір адам көз жұмған еді.


Жаңалықтармен бөлісу: