Алматы. 25 шілде. ҚазТАГ – Алматыда балабақшадан бала ұрламақ болған күдікті ұсталды, деп хабарлады қаланың полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметінен.
«Алматыда бес жасар баланы ұрлау әрекеті туралы мәлімдеме Медеу аудандық полиция бөліміне түскеннен соң ҚР ҚК 125-бабы (адам ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және қылмысты ашу үшін криминалды полиция қызметінде тергеу-жедел тобы құрылды. Күдікті әйел түрін қаншалықты жасыруға тырысқанымен, бірден анықталды. Бұл ретте бірден іздестіру шаралары жүргізілді. Жедел іздестіру шараларының арқасында күдікті бүгін Алматы облысы Кеген ауданындағы ата-анасының үйінде ұсталды», - деп хабарлады бейсенбі күні Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Болат Тотыбаев.
Оның айтуынша қазір күдіктіні ары қарай тергеу амалдарын жүргізу үшін Алматыға жеткізді.
«Белгілі болғандай, күдіктінің жасы 30-да, ол осы балабақшаның тәрбиешісі. Оның үстіне ол өзі ұрламақ болған Әлиханның тобының тәрбиешісі болған. Қылмыс жасамақ болған кезде ол еңбек демалысында болған. Ал баланы бейтаныс адамға бермеген қырағы тәрбиеші оның орнында жұмыс жасап жүр екен. Күдікті баланы ұрлау арқылы оның ата-анасынан ақша бопсаламақ болған. Түсінік алғаннан кейін азаматша Ж. уақытша ұстау изоляторына тоғытылды», - деді полицейлер.
Алматыда балабақшадан бала ұрламақ болған күдікті ұсталды
