Алматыда балаларды ұрғаны үшін балабақша тәрбиешісі жұмыстан қуылды

Күні: 12:02, 04-05-2019.

Алматы. 4 мамыр. ҚазТАГ – Динара Жаркеева. Алматыда балаларды ұрғаны үшін №37 балабақша тәрбиешісі жұмыстан қуылды, деп хабарлады қалалық білім басқармасынан.
«Ағымдағы жылдың 2 мамырында бірінші кіші топтың тәрбиешісі педагогтық қызметіне сәйкес келмейтін құқықбұзушылыққа жол берген. Жәбірленген баланың бетінің көгергенін байқаған анасы 3 мамырда балабақша меңгерушісіне келген. Меңгеруші ата-анамен бірге 2 мамырдағы бейнежазбаны қараған, қол жұмсау дерегі расталған», - деді сенбі күні басқармадан.
Хабарда атап өтілгендей, сол күні-ақ тәрбиеші жұмыстан қуылған.
«2019 жылдың 3 мамырында тәрбиеші Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексі 52 бабы 14 тармағы бойынша жұмыстан қуылды. Мектепке дейінгі мекеме ұжымында аталмыш дерек бойынша өндірістік жиналыс өтті», - деді ведомстводан.
Сондай-ақ, балабақша меңгерушісі сөгіс алды.
«Мектепке дейінгі мекеме қызметкерінің әрекетіне бақылаудың әлсіздігі үшін меңгерушіге сөгіс берілді», - деді басқармадан.
Ведомствода мәлімдегендей, балабақша жұмысын Алматы білім басқармасы ерекше бақылауға алған.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы полиция басқармасы тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған еді.
Балабақшаның видеокамерасындағы жазба 3 мамыр күні кешкісін мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған. Бейнежазбада тәрбиеші екі балаға дөрекілік танытып, беттерінен ұрып, аяқ киімге ұқсас зат лақтырған.


Жаңалықтармен бөлісу: