Алматы. 23 қаңтар. ҚазТАГ – Алматыда екі блогер бопсалау ісі бойынша ұсталды, деп хабарлады қаладағы полиция департаментінен.
«Полиция қызметкерлері жәбірленушінің арызы бойынша кәсіпкер мен екі блогерді ұстады. Күдіктілер әлеуметтік желілерде компроматтар жариялаймыз деп қоқан-лоққы көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған. Сондай-ақ олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкер төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгені талап етуден бас тартуға көндірмек болған. Қаскөйлер 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды. ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген бейсенбідегі хабарда.
ҚазТАГ редакциясының күш құрылымдарындағы дерек көзінің ақпарынша, ұсталған блогерлер - Дамир Кушеев пен Руслан Каримов.
Еске салсақ, Кушеев бұған дейін Алматы прокуратурасының ғимаратында видео түсіріп жүріп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 15 тәулікке қамалған еді.
Алматыда бопсалау ісі бойынша екі блогер ұсталды
