Алматыда Денис Тенді еске алды

Күні: 18:29, 19-07-2019.

Алматы. 19 шілде. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Алматыда Денис Теннің қайтыс болғанына бір жыл толуына орай еске алды, деп хабарлады ҚазТАГ тілшісі.
«Денис көптеген шебер-класс, көптеген семинар өткізді. Денис – біздің жас спортшыларымызға үлгі, олар да сондай болуға ұмтылады, олар еңбектенетін болсаң, Қазақстан жоғары көрсеткішке қол жеткізетін ел емес деген сөзге қарамастан, Қазақстан спортшылары да жоғары нәтижеге жететініне сенеді. Денис бізге жетіспейді, бізге ғана емес, бүкіл әлемдік мәнерлеп сырғанау саласында орны ойсырап тұр. Ондай спортшылардың саны қазір аз, тіпті жоқ деуге де болады. Денис орындаған бағдарламалардың мәні терең, қандай да бір философиялық идеясы бар болатын», - деді Қазақстанның мәнерлеп сырғанау құрамасының жаттықтырушысы Құралай Ұзырова.
Еске алу шарасы белгілі мәнерлеп сырғанаушы қайтыс болған жерде өтті. Оны еске алып, гүл шоқтарын қоюға спорт, өнер қайраткерлері, Қазақстаннан секілді, алыс шетелден де табынушылары келді.
Сонымен қатар, Алматыға Денис Теннің қайтыс болуына бір жыл толуына орай Канададан, Жапониядан, Еуропа және басқа да елдерден жетекші спортшылар жиналды.
Еске салсақ, Сочидегі қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері қазақстадық мәнерлеп сырғанаушы Д.Тенді 19 шілде күні өлтіріп кетті. Қайғылы жағдай Алматыда Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында сағат 15.00 шамасында орын алған. екі бұзақы көлік тұрағында тұрған Lexus GX 460 көлігінің жанындағы айнасын шешіп алмақ болған. Сол кезде оларға көлік иесі – Д.Тен келіп қалған. Сол сәтте ұрылар мен спортшы арасында төбелес болып, спортшы пышақтан ауыр жараланып, ауруханада көз жұмды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәнерлеп сырғанаушының ауыр жарақат алғанын атап өткен.
Танымал мәнерлеп сырғанаушының өлімі қоғамдық резонанс тудырды. Қазақстандықтар ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың отставкаға кетуін және орын алған жәйттан кейін полицияға реформа керектігін талап етті. Олардың айтуынша егер тәртіп сақшылары тиімді жұмыс жасағанда мұндай қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
Қазақстан спортына еңбегі сіңген спорт шебері, Олимпиада-2014 қола жүлдегері, 2015 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы VII қысқы Азия ойындарының чемпионы және көптеген басқа да марапаттар иесі Д.Тен Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан атақты спортшы болған еді. Қазақстандықтың қоржынында барлығы 10 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль бар, оның басым бөлігін ол халықаралық турнирлерде жеңіп алған. Халықаралық конькишілер одағының ағымдағы рейтингінде ол әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушылар ондығына кірген болатын. Белгілі қазақстандық спортшы 25 жасында өмірден озды.
.


Жаңалықтармен бөлісу: