Алматы. 19 қараша. ҚазТАГ – Динара Жаркеева. Белгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің Алматыда өлтірілуі бойынша күдіктілерді қамауда ұстау мерзімі тағы да ұзартылды, деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен.
«Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен, 192-бабының 2-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған Нұралы Қиясовты қамауда ұстау мерзімі 15 тәулікке, яғни 3 желтоқсанға дейін ұзартылды», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Ұру және адам өлтіру бабынан басқа ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімінің 2 тармағы (ұрлық) бойынша айыпталып отырған А. Құдайбергеновты қамауда ұстау мерзімі де сондай уақытқа ұзартылды. Ал ҚР ҚК 434-бабы, ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімі, 188-бабының 2-бөлімінің 1-тармағы бойынша айыпталған Ж.Толыбаева қамауда 7 желтоқсанға дейін отыратын болды.
Естеріңізге сала кетейік, Д.Тенді 19 шілде күні өлтіріп кеткен болатын. Қайғылы жағдай Алматының ортасында орын алды. Қаскөйлер көлік тұрағында тұрған спортшының көлігінің жанындағы айнасын шешіп алмақ болған. Сол кезде оларға көлік иесі – Д.Тен келіп қалған. Сол сәтте ұрылар мен спортшы арасында төбелес болып, спортшы пышақтан ауыр жараланып, ауруханада көз жұмды.
Бұған дейін хабарланғандай, қылмысты жасаған деген күдікпен 24 жасар Жамбыл облысының тумасы Нұралы Қиясов пен 23 жасар Қызылорда облысында тіркелген Арман Құдайбергенов ұсталды. Полицияда айтқандай, олар екеуі де қылмыстарын мойындаған.
Қазақстан спортына еңбегі сіңген спорт шебері, Олимпиада-2014 қола жүлдегері, 2015 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы VII қысқы Азия ойындарының чемпионы және көптеген басқа да марапаттар иесі Д.Тен Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан атақты спортшы болған еді.
Қазақстандықтың қоржынында барлығы 10 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль бар, оның басым бөлігін ол халықаралық турнирлерде жеңіп алған. Халықаралық конькишілер одағының ағымдағы рейтингінде ол әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушылар ондығына кірген болатын. Белгілі қазақстандық спортшы 25 жасында өмірден озды.
Алматыда Денис Теннің өліміне күдіктілерді қамауда ұстау мерзімі тағы да ұзартылды
