Алматыда дезинфекциялаумен үш топ айналысып жатыр – әкімдік

Күні: 17:51, 07-04-2020.

Алматы. 7 сәуір. ҚазТАГ – Толқын Тәшімов. Алматыда дезинфекциялаумен үш топ айналысып жатыр, деп мәлімдеді қаланың тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Ержан Сейтенов.
«Дезинфекциялаумен үш топ айналысып жатыр деп айтуға болады. Бірінші топ – әскери гарнизон, екінші топ – «Алматы тазалық» және аудандық әкімдіктердің басқа да мердігер мекемелері, және үшінші топ – тұрғын үй саясаты басқармасының мердігер мекемелері», - деді Сейтенов сейсенбі күні ӨКҚ-те Алматыдағы дезинфекциялау жұмыстары туралы брифингте.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 685 жағдайы тіркеліп, 50-і жазылып, алты адам көз жұмды.


Жаңалықтармен бөлісу: