Алматыда өгей әкесі екі жасар баланы ұрған деген күдікке ілінді; бала ес-түссіз жатыр

Алматы. 24 қыркүйек. ҚазТАГ – Алматыда өгей әкесі екі жасар баланы ұрған деген күдікке ілінді; бала ес-түссіз жатыр, деп хабарлады қаланың полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметінен.
«23 қыркүйекте шамамен 16.00-де Алатау ауданы ПБ кезекші бөліміне қаладағы ауруханалардың біріне 2017 жылы туылған ер баланың ес-түссіз күйде түскені туралы хабар келіп түсті. Дәрігерлер оның миынды қанның ұйығанын, көптеген жарақатар алғанын, сондай-ақ ішінің, кеуде қуысының, қолдары мен аяқтарының да жараланғанын анықтаған. Бала қазір комада жатыр», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, аталмыш іс бойынша бірінші болып баланың өгей әкесі 1985 жылы туылған К. деген азаматтан жауап алынған. Ол, полицейлердің айтуынша, «бала өзі құлап қалды-мыс» деген.
«Оның жауабы күдік тудырған, себебі жауап беруші сасқалақтап, абыржып жауап берген. Бастапқы тергеу шараларын жүргізу барысында өгей әкесінің баланы анасы жоқ кезде аямай ұрғаны анықталған. Кейін ол қылмысын мойындап түсінік берген, оның айтуынша баланың анасы ол кезде жұмыста болған. Оның айтуынша жылаған өгей баласын жұбата алмаған. Сол кезде ол кішкентай баланы аямай ұрып-соққан», - деп хабарлады Алматының ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы Лейла Әліпбаева.
Полиция ақпарынша, күдікті баланың анасымен бірге азаматтық некеде тұрады, олар «Көкқайнар» ықшам ауданында пәтер жалдап жүрген.
«Қазіргі таңда бұл жантүршігерлік қылмысты Алатау ауданы ПБ тергеу бөлімі ҚР ҚК 106 бабы 1 бөлімі бойынша (денсаулыққа әдейі ауыр зиян келтіру) тексеруде. Күдікті қамауға алынған. Бұған дейін ол екі рет бөтеннің мүлкін ұрлау және тонау бойынша қылмыстық жауапқа тартылған», - деді Әліпбаева.

adimage