Алматыда гранаталар және гранатаатқыштар саудасы ісі бойынша полицей мен бірқатар лауазымды тұлғалар сотталды

Алматы. 24 ақпан. ҚазТАГ – Алматыда гранаталар және гранатаатқыштар саудасы ісі бойынша полицей мен бірқатар лауазымды тұлғалар сотталды, деп хабарлады ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен.
«2019 жылдың маусымында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті атыс қаруын жеткізумен заңсыз айналысқан халықаралық арнаның жолын кескен еді. Заңсыз айналымнан 3 «Калашников» автоматы, 3 гранатаатқыш, 2 жауынгерлік граната, 14 тапанша, 1700-ден астам патрон мен қарудың керек-жарағы алынды. Алматы қаласы мен Алматы облысының 10 тұрғыны қылмыстық жауапқа тартылды.(…) 2020 жылдың 27 қаңтарында Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен айыпталушылар әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, сотқа дейінгі тергеу барысында ішкі істер органдары қызметкерінің қылмысқа қатысы бары анықталды.
«Лауазымды адам ҚР ІІМ теңгерімінде тұрған оқ-дәріні ұрлап келген. Сонымен қатар, қару құрастыру бойынша жасырын шеберхананың әрекеті тоқтатылды», - деді ҰҚК-нен.

adimage