Алматыда Иран ғалымының әл-Фараби туралы кітабының орыстілді аудармасы таныстырылды

Күні: 16:43, 06-11-2014.

Алматы. 6 қараша. ҚазТАГ – Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Иран Ғылым академиясының президенті, әлемдегі көрнекті фарабитанушы-ғалымдардың бірі, доктор Риза Доуари Ардаконимен кездесу өтіп, онда оның орыс тіліне аударылған «Фараби – ислам пәлсапасының негізін салушы» атты кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлады Иран телеграф агенттігі (ИрТАГ).
Иран ғалымының университет оқытушыларымен және шығыстанушы студенттермен өткен кездесуін Иран Ислам Республигасының (ИИР) Қазақстандағы елшілігі жанындағы мәдени өкілдік басшысы доктор Асгар Сабери ұйымдастырған.
Р. Ардакони атап өткендей, 50 жылдан астам уақыт бойы ол әл-Фарабидің отанында болуды армандаған.
Жас шағында ол Батыс философиясын зерттеумен айналысқан, бірақ әл-Фарабидің «Мадинаи фозила» (Қайырымдылар қаласы) философиялық трактатын оқығаннан кейін, міне 50 жыл бойы оның мұрасын зерттеумен айналысып келеді.
Доктор Р. Ардакони ислам пәлсапасы, мәдениет, өнер мен сан алуан гуманитарлық ғылымдар бойынша 30-дан аса жұмыстың авторы болып табылады. Оның «Өнер және ақиқат», «Дәстүр мен қазіргі заман», «Философия және қазіргі адам», «Батыстың ой-идеясы мен өркениеті», «Утопия және бүгінгі заман», «Батыс өркениетінің теориялық негіздері», «Әл-Фарабидің азаматтық философиясы» атты кітаптары тек ислам әлемінде ғана емес, сонымен қатар әлем деңгейіндегі белгілі еңбектер болып саналады.
Иранда 2007 жылы өткен бірінші халықаралық әл-Фараби конгресі кезінде Р. Ардакони әл-Фараби еңбектерін жарты ғасырдай ғылыми тұрғыдан зерттеуінен кейін Иранның көрнекті фарабитанушысы болып ресми танылып, арнайы сыйлыққа лайық болды.
Әл-Фараби мұрасын зерттеудің Қазақстандағы орталығының директоры, профессор Жақып Алтаев Р. Ардакониге «Фараби – ислам пәлсапасының негізін салушы» еңбегі үшін алғысып білдіріп, бірнеше жыл бұрын Иранның Кум және Исфахан қалаларының кітапхана басшылығы оған әл-Фарабидің баға жетпес 12 еңбегін тарту еткенін және олардың қазіргі таңда Алматыдағы әл-Фараби орталығының кітапханасында екенін атап өтті.
Р. Ардакониге дәстүр бойынша қазақтың ұлттық шапанын жауып, басына қалпақ кигізді.


Жаңалықтармен бөлісу: