Алматыда хостелде өрт шығып, 13 адам мерт болды

Алматы. 30 қараша. ҚазТАГ – Алматыда хостелде өрт шығып, 13 адам мерт болды, деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
«30 қарашада сағат 05.33-те Алматыда Әди Шәріпов көшесінде өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. Өрт сөндірушілер келіп жеткенде үш қабатты тұрғын үйдің жертөлесі өртеніп жатқан. Ол үйдің бірінші қабаты мен жертөлесі хостел ретінде жабдықталғаны белгілі болды. Өрттің жалпы ауданы шамамен 30 ш.м»,- делінген хабарда.
Өрт сөндірушілер 13 адамның мәйітін тапты, олардың кім екені анықталуда. Олар алдын-ала болжам бойынша иіс тиіп қайтыс болған. Өрт сағат 06.22-де сөндірілген.
«Хостелде шамамен 72 адам болған, оның 59-ы өз күштерімен сыртқа шыққан.
Өрт шыққан жерге 46 адам мен Алматы қ. ТЖД 13 бірлік техникасы жұмылдырылған. Өрт және адамдардың өлім себебі анықталуда», – деді ТЖД.

adimage