Алматыда «Нұр Отан» партиясы филиалы ғимаратының алдында 30 шақты адам ұсталды

Күні: 19:22, 27-02-2019.

Алматы. 27 ақпан. ҚазТАГ – Алматыда «Нұр Отан» партиясы филиалы ғимаратының алдында 30 шақты адам ұсталды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Егер олар (партия ғимаратына келген азаматтар – ҚазТАГ) жиналыс өткізгісі келсе, олар заң бойынша өтініш жазулары керек. Егер олар «Нұр Отанға» келсе мен оларды қабылдауға дайынмын, бірақ мен оларға көшеде шаралар өткізу заңсыз екенін ескерттім. Ары қарай құқыққорғау органдары жұмыс жасады, менің бұған ешқандай қатысым жоқ», - деп мәлімдеді «Нұр Отан» партиясының Алмалы аудандық филиалының төрағасы Бекқали Торғаев журналистерге сәрсенбі күні.
Ол филиалдың қоғамдық қабылдауы «таңертеңнен бері» жұмыс жасап жатқанын мәлімдеді.
«Ертеңгісіннен бері қабылдап жатырмыз. Біздің азаматтар жиналды, мен залды дайындаңыздар дедім, себебі біз кабинеттер бойынша қабылдаймыз, мен үлкен залды дайындадым. Далаға шығып, ішке шақырдым, ешкімді шектемедім, БАҚ-пен, телефонмен, бәрімен, өтінеміз кіріңіз. Олар кіргілері келмеді, шамалыдан кейін тағы шықтым, ол кезде жиналған адам саны көбейген екен, тағы да олар кірмеді. Дегенмен мен заңнамаға сәйкес олардың бұл әрекетінің заңсыз екенін ескертуге міндетті болдым», - деді әкім.
Сондай-ақ Торғаевтың айтуынша, жиналғандардың арасынан кейбірі ішке кіріп, керек кеңестерін алған-мыс.
Бұл ретте, ұсталғандардың бірі Дариға Абажанова өзінің көп балалы ана екенін және «Нұр Отанға» билікке өз проблемасын айту үшін келгенін жеткізді.
«Бізді бұған дейін «Нұр Отанның» алдынан алып кетті, көлікке тиеп алды, 25-30 адамды екі көлікпен алып кетті. Мен билікке көп балалы ана ретінде проблемамызды жеткізгіміз келген. Жәрдемақы көтерілсін, балалар жетім қалмасын, аш болмасын деп, сол үшін келдім. Бізді ІІД-не (полиция департаменті – ҚазТАГ) алып кетті, ол жерде «Нұр Отан» партиясынан ешкім болмады, біз қайттық. Ештемені тіркеген жоқ, ештеме жазбады, сөйтіп жаяу қайтадан осында келдік», - деді Абажанова.
Бұл ретте ол атап өткендей, олар ішке шақырғандарын естімеген.
Полиция департаментінде митингке шығушыларды ұстауға қатысты түсінік бермеді.
Митингке шыққандар Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өтіп жатқан кезде ұсталған. .
Алматыдағы бұл жағдай Қазақстанда белсенділердің ұсталуымен байланысты жалғыз жайт емес. Бұған дейін Оралда белгілі блогер Асқар Шайгумаров, ал Жаңаөзенде жұмыс талап етуші халық екінші апта алаңға шығуда, күндіз «Азаттық» радиосының тілшісі Сәния Тойкен мен оператор Санат Нұрбеков ұсталған еді. «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының ақпарынша, журналистер әлі де полиция бөлімінде.
Еске салсақ, Астанада 4 ақпанға қараған түні Сарыарқа ауданы Шыңғыстау көшесі бойындағы жеке тұрғын үйдің ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан өрт шыққан. Өртті сөндіру барысында бес баланың мәйіті табылған: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған. Құтқарушылар нақтылағандай, ата-аналар ол кезде жұмыста болған.
Қоғам өкілдерінің пікірінше, егер елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай түнгі ауысымдағы жұмысқа бару үшін балаларын қараусыз қалдыруға тура келмейтіндей жағдай жасаса ғана қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
Осы жағдайдан кейін соңғы бірнеше күн бойы көп балалы аналар аталмыш проблемаларға қатысты қоғамдық жиналыстар өткізуді бастады. Осындай жиналыстардың бірқатары Астанада өтті, алайда, куәгерлердің айтуынша, күш құрылымдары оның өткізілуіне кедергі келтіруде, бұл қоғам тарапынан қосымша сынға ілігуге себеп болды.
. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Жаңаөзен тұрғындарының көшеге шығып жалақысы жоғары жұмысты талап ететіндері туралы бейнеролик белсенді түрде тарап кетті. Жалақының көтерілуі мен жақсы жұмыс талап еткен Жаңаөзен тұрғындары 2018 жылдың аяғында республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатына сілтеме жасаған. Сол кезде мемлекет басшысы әйелі мен күйеуі жұмыс жасайтын отбасының орташа табысы Т500 мың деп айтқан болатын. Ресми түрде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі ең төменгі жалақы Т42,5 мыңды құрады..


Жаңалықтармен бөлісу: