Алматыда Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші ашылды

Алматы. 7 қараша. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Алматыда Қазақстан гимнінің авторы – композитор Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші ашылды.
«Конкурс жарияланды, сондағы 50 жобаның ішінен композитордың орындықта отырғаны бейнеленген біздің жоба таңдап алынды. Біз Шәмші Қалдаяқов халыққа осылай жақын болады деп ойлаймыз, оның қасына отыруға да болады. Мұндай ескерткіштің қасында суретке түсу де ыңғайлы», - деді бейсенбі күні ескерткіштің ресми ашылу салтанатында авторлық ұжым мүшесі Айдос Бүркітбаев.
Композитордың ескерткіші қоладан құйылып, гранит тұғырға орнатылған. Ескерткіш Республика Сарайы мен «Қазақстан» қонақ үйі арасындағы саябаққа қойылған.
Қалдаяқов 1930 жылы туылған, музыкамен кәсіби тұрғыда 1955 жылы Ташкент музыка училищесіне түсіп, айналыса бастаған. 1956 жылы Алматыға ауысып, оқуын Құрманғазы ат. Мемлекеттік консерваторияның композиция бөлімшесінде жалғастырған, бірақ кейін гармониясының дұрыс болмауынан оқудан шығарылған-мыс. Білімінің болмауы салдарынан Қалдаяқовты КСРО композиторлар одағына қабылдамады – оның кандидатурасын үш рет қайтарды. Бірақ Қазақстанда 1965 жылы Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, 1980 жылы республиканың еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, 1990 жылы халық әртісі атағын алды. 1992 жылы 62 жасында өмірден озды.
Қалдаяқов – 55 әннің авторы. Оның «Қазақ вальсінің королі» деп атануы да тектен тек емес. Қалдаяқовтың әндері вальс мотиві мен халық әндерінің нақышының үйлесуімен ерекшеленеді. Ал оның 1956 жылы жазған «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы ресми түрде ҚР гимні атанды.
Қалдаяқовтың атында Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде көшенің атаулары бар. Алматыдағы Орталық концерт залы да соның атында. 2006 жылы композитордың туған қаласы Шымкентте ескерткіш орнатылды, 2010 жылы сол жерде «Шәмші әлемі» мәдени кешені бой көтерді. 1992 жылдан бері елімізде «Менің Қазақстаным» атында Қалдаяқов ат. халықаралық әндер фестивалі өтіп келеді.

adimage