Алматы. 24 қыркүйек. ҚазТАГ – Алматыда соққыға жығылған екі жасар балаға шұғыл түрде ота жасалды, ол бұрынғыша ес-түссіз жатыр, деп хабарлады қаланың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
«Балаға шұғыл түрде ота жасалды: бас сүйекті декомпрессиялық трепанациялау, субдуралдық қанды ісікті алып тастау. Қазіргі таңда баланың өкпесі жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған, бұрынғысынша комада жатыр, жағдайы ауыр. Қарқынды терапия алуда», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Қалалық басқармада нақтылағандай, бала №2 қалалық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімшесіне шұғыл түрде жеткізілген.
«Бұл жерде оған бас миының компьютерлік томографиясы жасалып, алынған жарақаттары анықталды. Ары қарай аурухана әкімшілігімен келісе отырып, баланы жан сақтау бригадасы шұғыл көмек көрсетудің балалар орталығына жеткізді. Диагноз қойылды: ауыр қосарлас жарақат. Жабық ауыр бас-ми жарақаты. Ауыр деңгейдегі бас миының жарақаты. Ми бағанының жарақаты. Сол жақ гемисферасында субдуральды қан ұйыған, субарахноидалды қан кеткен, миы диффузды-аксоналды жарақат алған. Кеуде қуысы органдары жарақат алған. Жұмсақ тіндері соғылған. Балада ІІІ дәрежелі дем жетіспеушілігі бар. ІІІ дәрежелі травматикалық шок, ІІІ дәрежелі церебралды шок байқалады», - деді баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, 23 қыркүйекте шамамен 16.00-де Алатау ауданы ПБ кезекші бөліміне қаладағы ауруханалардың біріне 2017 жылы туылған ер баланың ес-түссіз күйде түскені туралы хабар келіп түсті. Дәрігерлер оның миында қанның ұйығанын, көптеген жарақаттар алғанын, сондай-ақ ішінің, кеуде қуысының, қолдары мен аяқтарының да жараланғанын анықтаған. Бала қазір комада жатыр. Баланы өгей әкесі ұрған деген күдік келтірілуде. Ол қамауға алынған. ҚР ҚК 106 бабы 1 бөлімі бойынша (денсаулыққа әдейі ауыр зиян келтіру) тергеу басталды.
Алматыда соққыға жығылған екі жасар балаға шұғыл түрде ота жасалды, ол бұрынғыша ес-түссіз жатыр
