Алматыда соққыға жығылған екі жасар баланың жағдайы әлі ауыр

Алматы. 24 қыркүйек. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Алматыда өгей әкесі соққыға жыққан екі жасар баланың жағдайы әлі ауыр күйінде қалып отыр, деп мәлімдеді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы емдеу бөлімі бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхамед Рузуддинов.
«Қазіргі таңда бала жан сақтау бөлімшесінде жатыр, комада, бала өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Қазіргі таңда жағдайы өте ауыр, тұрақсыз, өміріне қауіп бар, болжам жағымсыз», - деді Рузуддинов сейсенбідегі брифингте.
Бұл ретте ол атап өткендей, егер бала аман қалса, оның мүгедек болып қалу қаупі – 50/50.
Рузуддинов түсіндіргендей, алдымен бала екінші қалалық балалар ауруханасына жеткізілген, тексерілген, сосын шұғыл түрде ота жасалу керек болғасын балалар медициналық жәрдем орталығына жеткізілген.
Еске салсақ, 23 қыркүйекте шамамен 16.00-де Алатау ауданы ПБ кезекші бөліміне қаладағы ауруханалардың біріне 2017 жылы туылған ер баланың ес-түссіз күйде түскені туралы хабар келіп түсті. Дәрігерлер оның миында қанның ұйығанын, көптеген жарақаттар алғанын, сондай-ақ ішінің, кеуде қуысының, қолдары мен аяқтарының да жараланғанын анықтаған. Бала қазір комада жатыр. Баланы өгей әкесі ұрған деген күдік келтірілуде. Ол қамауға алынған. ҚР ҚК 106 бабы 1 бөлімі бойынша (денсаулыққа әдейі ауыр зиян келтіру) тергеу басталды.
Кейін Алматының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі соққыға жығылған екі жасар балаға шұғыл түрде ота жасалғанын, әлі де ес- түссіз күйде жатқанын хабарлаған еді.


adimage