Алматыда тағы бір ыстық су құбыры жарылды

Алматы. 15 қазан. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Алматыда тағы бір ыстық су құбыры жарылды, деп хабарлады қаланың ТҮКШ жылуэнергокешені кәсіпорнының ресми өкілі Ян Гирин.
«Жарылыс 15 қазанда таңертең Казаков көшесінің бойында Бродский көшесінің бұрышында Maxima сауда орталығының солтүстігінде болған. Ыстық су құбыры жарылған. Қазір су құбыры бойынша ыстық су беру тоқтатылды, жөндеу жұмыстары басталды», - деді Гирин сейсенбі күні агенттік тілшісіне.
Ол атап өткендей, құбыр 1997 жылы пайдалануға берілген, 22 жыл бойы жұмыс жасаған және биыл гидравликалық сынақтан өткен.
«Алдын-ала болжам бойынша, зардап шеккендер жоқ, жылу тасығыштың да қатты төгілуі орын алмаған. Алайда құбыр жарылған жерде көлік тұрағы орналасқан екен. Қазір біздің қызмет ол жерде не барын анықтауда. Егер зақым келтірілген жағдай тіркелсе, комиссия құрылатын болады. Залал заңмен белгіленген тәртіпте өндіріледі», - деді Гирин.
Еске салсақ, 14 қазанда күндіз жылу трассасы жарылып, Райымбек даңғылынан алыс емес жердегі Бөкейханов көшесін ыстық су басқан еді. Кейбір көліктер жол ортасында тұрып қалып, толығымен су басқандар да болды. Одан бөлек жылу трассасының жарылуынан аурухана, 30 көп қабатты үй мен 95 жеке үй ыстық сусыз қалды.

adimage