Алматыдағы «Алтын Орда» базарында заңнаманың 300-ден астам бұзушылығы анықталды

Алматы. 1 маусым. ҚазТАГ – Алматыдағы «Алтын Орда» базарында заңнаманың 300-ден астам бұзушылығы анықталды, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметінен.
«ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов республикадағы ірі сауда орны «Алтын Орда» базары жұмысының өзекті мәселелері қаралған кеңес өткізді. Бас прокуратура және мемлекеттік органдармен тексеру нәтижесінде санитариялық, ветеринариялық, экологиялық, су, еңбек, сәулет-құрылыс, өртке қарсы, салықтық бақылау, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау саласында 300-ден астам ҚР заңнамасы нормаларын бұзушылықтар анықталды», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр қолданыстағы заңнамаға сәйкес түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Атап айтқанда, «Алтын Орда» базарының қызметін ретке келтіру және бағаны қалыптастыруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, сондай-ақ оның аумағында барлық заң бұзушылықтар толығымен жойылғанға дейін прокуратура, ішкі істер органдары, БҚДА, ҚМА және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлерінен құралған тұрақты мобильдік топ құру тапсырылды», - делінген хабарда.
Сонымен қатар Алматы агломерациясында сауда ағындарын теңестіретін және «Алтын Орда» базарының баға саясатына ықпалын азайтатын баламалы көтерме-сауда орталықтарын құру бойынша жұмыс жалғасады.

adimage