Алматыдағы жарылыста зардап шеккендердің төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр

Күні: 16:57, 17-11-2014.

Алматы. 17 қараша. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Алматыдағы «Сән және дизайн» колледжінде орын алған граната жарылысынан соң 12 адам ауруханаға жатқызылып, олардың төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр, деп мәлім етті жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Манат Сейдуманов.
«Біздің ауруханаға 12 адам жатқызылды. 11 адамды жедел жәрдем әкелді, 1-еуі өзі келді. 4 адам жансақтау бөлімінде. Бірінші бригада 9.30-да әкелді, одан кейін минут сайын келе барды. Өзіндік келген адам сағат 11.20-да келді. Пациенттердің жағдайлары әр түрлі. Қазір екеуіне ота жасалды», - деді  М.Сейдуманов дүйсенбі күнгі брифингте. Оның айтуынша, ауруханаға жатқызылғандардың барлығы 16-17 жастағы жасөспірімдер.
Бұл ретте М.Сейдуманов зардап шеккендерді емдеуге Алматыдағы барлық ҒЗМ мамандары жұмылдырылғанын атап өтті.
«Қала әкімінің басшылығында штаб құрылды. Алматыда орналасқан барлық ҒЗИ тартылды, бір ота бөлмесінде бірнеше бригада жұмыс атқаруда. Біздің барлық қалалық ауруханалар қосылды, барлық бас мамандар осында. Зақымдану ауқымы үлкен, кеудесіне, ішіне жарықшақтар тиген, бас сүйек-милары зақымданған аурулар келіп түсті», - деді ол.
Бұл ретте М.Сейдуманов зардап шеккендердің біреуі колледж оқушысы емес деген болжам айтты.
«Жарылыс толқынынан бас сүйегі – миы зақымданған, ол, бәлкім, осы колледж оқушысы емес шығар, онда кездейсоқ болуы мүмкін», - деді ол.
Оның айтуынша, тағы үш адамға іші мен миына ота жасалып жатыр.
М.Сейдумановтың айтуынша, пациенттердің жағдайы ауыр.  
Өз кезегінде Алматы денсаулық сақтау басқарма бастығының орынбасары Манас Рамазанов зардап шеккендерге бөлек жансақтау залы құрылғанын, онда оларды тәулік бойына күтім жүргізілетінін қосып айтты. Оның айтуынша паценттер шошынған күйінде түсіп отыр, алған жарақат салдары кейін көріне бастауы мүмкін. Ол сонымен қатар зардап шеккендердің барлығында жарылыстан кейін контузия барлығын атап өтті.
«Пациенттердің барлығы үшін контузия ортақ диагноз, дегенмен ол граната жарылысы болды ғой, сондықтан келешекте ол пациенттермен лор-дәрігерлер мен жүйке дәрігерлері айналысады. Қазір психологиялық қызмет айналысуда, олар зардап шеккендердің ата-аналарымен, зардап шеккендердің өздерімен жұмыс жасап жатыр», - деді ол.  
Еске салсақ, 17 қарашада 09.20 сағатта Алматының Алмалы ауданындағы Алматыдағы «Сән және дизайн» колледжінде АӘД сабағында граната жарылды. ТЖ нәтижесінде бір оқушы қаза болып, тағы 11 оқушы әр ауыртпалықтағы жарақат алды. 60 оқушы эвакуацияланды.
Граната жарылысы дерегімен Алматы ІІД тергеу басқармасы ҚР ҚК 251 б. бойынша (қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және алып жүру) және 101 б. (абайсызда адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жарылыс себебін тексеруге арнайы комиссия құрылды.  


Жаңалықтармен бөлісу: