Алматыда жаппай ұстаулар кезінде қамауға алынған белсенділер екінші тәулік аштық жариялауда

Алматы. 12 шілде. ҚазТАГ – Алматыда жаппай ұстаулар кезінде қамауға алынған белсенділер екінші тәулік аштық жариялауда, деп хабарлады «Азаттық Радиосы».
«Алматыдағы арнайы орында әкімшілік қамауда отырған Нұр-Сұлтаннан келген азаматтық белсенділер Қанат Тұрдалиев пен Әнуар Данияров ұсталғаннан кейін және 10 тәулікке қамауға алу туралы қаулы шыққаннан кейін – 6 шілдедегі «заңсыз митингке» қатысу айыбы бойынша – аштық жариялады», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, Тұрдалиев пен Данияров екінші күн тамақ жеуден бас тартып отырған көрінеді. Олар осылайша әкімшілік сот шығарған үкімге өз қарсылықтарын білдірмек.
«Белсенділердің жақтастары қамауда отырғандарға қолдау көрсетіп, бөтелкедегі суды беру үшін ертеңгісіннен бері арнайы қабылдау орнының қақпасының алдына жиналды», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 6 шілдеде Алматыда Орталық стадион маңында адамдарды жаппай ұстау орын алған. Алматыда кей жерлерде ұстау шаралары азаматтардың күш құрылымы қызметкерлерімен тікелей қақтығысып қалуына алып келсе, кейде ол тәртіпсіздікке ұласып кеткен. Полиция қызметкерлері журналистерді де қорқытқан – полиция ұстап жатқан кез келген адамнан түсінік алуға тырысу арандатушылық болып бағаланады, және ол азаматтармен сөйлесуге тырысатын журналистер де ұсталатын болады деп мәлімдеген. Оқиға болып жатқан ауданда ұзақ уақыт бойы интернет толығымен жұмыс жасамаған. Қарсылық танытушыларды ұстау түн ортасына дейін созылған.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда Республика даңғылы бойында «Есіл» сауда үйі ауданында да азаматтарды жаппай ұстау шаралары болған, Республика даңғылы мен Кенесары даңғылындағы ОӘД аралығында, сонымен қатар Республика даңғылына жақын аумақта Ташенов көшесі бойында да азаматтарды жаппай ұстау шаралары болған. Барлық көрсетілген учаскелер қоршауға алынған. Жол бойында полицияның көптеген автобустары тұрған. Көлік жүргізушілері полицейлердің әрекеттеріне наразылықтарын тудырып, сигнал берген. Сондай-ақ, хабарланғандай, Нұр-Сұлтандағы ұстау шаралары барысында үшқүш құрылымы қызметкерлері балаларды да автобустарға тиеп алса керек. Оларды – қыз бала мен ер баланы тек олардың анасы – елорда тұрғыны журналистердің көзінше жіберулерін талап еткенде ғана жіберген. Әйелдің айтуынша, балалардың үлккені 15-те болған.
Сонымен қатар, белгілі болғандай, елордалық полицейлер журналистерге белгісіз біреудің газ баллонын шашыратқанына мән бермеген. Нұр-Сұлтанда жаппай ұстаулар болып жатқанда жоғары лауазымды полицеи қызметкерлері де болған, олардың арасында елордалық полиция департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Малыбаев та бар. Бетперде киген белгісіз біреулер үлкен қолшатырдың көмегімен журналистердің алдын көлегейлегенде де журналистер бірнеше мәрте Малыбаевқа қызметтерін атқаруға кедергі келтіріліп жатқаны туралы шағымданған, бірақ интернетте орналастырылған видеодан байқағанымыздай, ол да БАҚ өкілдерінің шағымына мән бермеген.
Сондай-ақ, белгілі болғаны, 6 шілде күні Шымкентте Әл-Фараби алаңында күш құрылымының қызметкерлері 40 шақты адамды ұстаған.
6 шілде күні кешкісін ішкі істер министрлігі полицейлер «дұрыс әрекет» етті-міс және олар тек «жекелеген азаматтарды ғана ұстады деп хабар таратты. Сонымен қатар олар ұстаған «жекелеген адамдардан түтіндету құтысы мен травматикалық қару» тәркіленді деп мәлімдеді.
6 шілде күні Қазақстандағы жаппай ұстаулар туралы ҚазТАГ ХАА-ға сілтеме жасай отырып, The Washington Post пен The New York Times басылымынан басқа Reuters, Associated Press, ABC News және басқа да көптеген әлемдік БАҚ жазған.
7 шілдеде Еуропалық комиссияның вице-президенті – Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини 6 шілдедегі жағдайға түсінік бере келе, Еуроодақтың Қазақстанды азаматтардың пікірін білдіру еркіндігі мен БАҚ бостандығын қамтамасыз етуге шақыратынын мәлімдеді.
9 маусымда Қазақстанда сайлау учаскелеріндегі көптеген бұзушылықтар мен Нұр-Сұлтан мен Алматыда митингке шыққандардың жаппай ұсталуы фонында президент сайлауы өтті. Сайлау жеңімпазы болып қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев танылды. Оны ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтті. Саяси белсенді қазақстандықтардың бір бөлігі сайлау нәтижесін заңсыз деп санайды.

adimage