Алматыда жас босанған әйелдің өлімінен кейін медқызметкерлер қызметінен шеттетілді

Күні: 18:19, 23-07-2019.

Алматы. 23 шілде. ҚазТАГ – Алматыда жас босанған әйелдің өлімінен кейін медқызметкерлер қызметінен шеттетілді, деп хабарлады қаланың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
«Бүгінгі таңда жас босанған әйелдің қазасынан кейін кешенді комиссия құрылды, оған республикалық мекемелердің, денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің өкілдері кірген. Қазіргі таңда науқасқа медициналық көмек көрсеткен қызметкерлердің барлығы қызметтерінен және емдеу жұмысынан шеттетілген», - деп хабарлады сейсенбіде қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.
Ведомствода нақтылағандай, 16 шілдеде қалалық перзентханаға 1990 жылы туылған әйел ішінің төменгі жағы ауыруына байланысты жүгінген. Ол жүктіліктің 36-шы аптасында болған.
«Науқас шұғыл түрде жан сақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне ары қарай қарқынды ем алу үшін жатқызылған. Медициналық қызметкерлер емдеу аясында толық клиника-зертханалық тексеру жүргізген. Терапевт, окулист, невропатолог секілді мамандармен кеңес өткізілді. Өкінішке орай науқасты құтқару мүмкін болмады», - деді басқармадан.
Денсаулық сақтау басқармасындағы шенеуніктер атап өткендей, бұған дейін де әйел 2018 жылы босанған, ол кезде де кесір тілігі жасалған.
«Науқасқа көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты комиссиялық тексеріс материалдары құқықтық баға беру және процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы қаласы ІІД-не жолданды», - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.
Бұған дейін белгілі болғандай, Алматыда кесір тілігінен кейін үш баланың анасы көз жұмды. Хабарда атап өтілгендей, ота нәтижесінде қыз бала дүниеге келді, ол аман сау.


Жаңалықтармен бөлісу: