Алматыда ЖКО-да зардап шеккен екінші полицей ауруханада көз жұмды

Алматы. 25 мамыр. ҚазТАГ - Алматыда блокбекетке шетелдік көліктің соғуынан жарақат алған екінші полицей ауруханада көз жұмды, деп хабарлады қаланың полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
«Бүгін ертеңгісін Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылында сағат 05.30-да болған жол-көлік оқиғасынан жарақат алған полиция сержанты Дастан Абдықанов есін жимастан аураханада көз жұмды», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Бұған дейін хабарланғандай, сағат 05.26-да BMW маркалы көлігінің жүргізушісі (азамат А. 1992 жылы туған), Қожабеков көшесінің бойымен солтүстік бағытта келе жатып, Жаңа ғасыр көшесінің қиылысында, Алматы облысы Қарасай ауданы, Көксай ықшамауданында №4 блокбекетке соққан: алдымен ол бетон қоршауға соққан, сосын қатты серпіліс күшімен патрульдік көлікке соққан. Патрульдік көлік салонында екі полиция қызметкері болған. Оның бірі – 42 жасар полицияның аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев ауыр жарақатынан жедел жәрдем көлігі келгенге дейін көз жұмған. Ал оның әріптесі -полиция сержанты Дастан Абдықанов ауыр жағдайда жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген. BMW жүргізушісі қамауға алынған. Аталмыш дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жеке мәліметтері:
Жанғазиев Жалғас Сұлтанғазыұлы, 1978 жылы туған, Батыс Қазақстан облысының тумасы. Ішкі істер органында 2001 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ұйленген, екі қызы бар.
Полиция сержанты Абдықанов Дасатн Маратжанұлы, 1994 жылы туған, Алматы қаласының тумасы. Ішкі істер органында 2016 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Үйленген, 1 айлық қызы бар.

adimage