Алматының Бостандық ауданы сотының төрағасы Алтынбек Баянов делдал арқылы пара алды деген күдікке ілінді

Алматы. 23 қаңтар. ҚазТАГ – Алматының Бостандық ауданы сотының төрағасы Алтынбек Баянов делдал арқылы пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлады ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет баспасөз қызметінен.
«Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімімен бірлесіп Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының төрағасын пара алды деген күдікпен ұстады. Ол делдал – сот отырысының хатшысы арқылы борышкер азаматтан Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуына санкция үшін айтарлықтай мөлшерде пара алды деп күдіктеліп отыр», - делінген хабарда.
Ведомствода атап өткендей, 22 қаңтарда қылмыстық қудалаудан артықшылықтары бар судьяға қатысты Бас прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруға келісімі алынды.
«Күдіктінің кінәлілік дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 22 қаңтарда ҚазТАГ ХАА жағдаймен таныс дерек көзіне сілтеме жасай отырып, Алматының Бостандық ауданы сотының төрағасы Алтынбек Баянов пара алды деген күдікке ілінді деп хабарлаған еді. Дерек көзі «қазірдің өзінде тергеу амалдары басталды, оны сыбайлас жемқолыққа қарсы қызмет жүргізіп жатыр» деп хабарлады. Агенттік сұхбаттасы Баяновтың тергеуге жауап бергенін айтты, алайда аудандық сот басшысына қатысты оны қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ.
Алтынбек Баянов 2015 жылдың 18 желтоқсанынан бастап Алматының Бостандық аудандық сотының төрағасы болып жұмыс жасаған.

adimage