АМӨЗ қызметкерінен коронавирус анықталды

Атырау. 2 сәуір. ҚазТАГ – «Атырау МӨЗ» (АМӨЗ) ЖШС қызметкерінен коронавирус анықталды, деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ҰК АҚ баспасөз қызметінен.
«2020 жылғы 2 сәуірде Атырау қаласы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздік сапасын бақылау басқармасы жасаған сараптама қорытындысы бойынша «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қызметкерінің коронавирустық инфекцияны (COVID-19) жұқтырғаны расталды», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
ҚМГ нақтылағандай, бұл қызметкер 2020 жылғы 28 наурызда жұмыстан тыс кешкі уақытта басқа науқас адаммен байланыста болу салдарынан инфекцияны жұқтыру ықтималдығы туралы хабарлады. Біздің әріптесіміз қолданыстағы ережелерді басшылыққа ала отырып, 2020 жылғы 29 наурызда өзі оқшауланды.
«2020 жылғы 1 сәуірде байланыста болған адам коронавирустық инфекцияға шалдыққаны расталғаннан соң АМӨЗ қызметкерінен сараптама алынды. Оның нәтижелері бүгін белгілі болды. ҚМГ Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкері өз әріптестерімен байланыста болмағанын ерекше атап көрсетеді. Ол соңғы рет жұмыс орнында 2020 жылғы 28 наурызда болды. Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы бекітілген рәсімдерге сәйкес онымен байланыста болуы мүмкін адамдарды тексеріп жатыр, мемлекеттік уәкілетті органдармен өзара тығыз жұмыс жасауда, облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметімен бірлесіп санитарлық-эпидемиологиялық шараларға кірісті», - делінген хабарда.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 423 жағдайы тіркеліп, 27-сі жазылып, үш адам көз жұмды.

adimage