Аманжан ЖАМАЛОВ, мәжіліс депутаты: ҚАЗАҚСТАНДА ТОЛЫҚҚАНДЫ ТАУАРЛЫ-ШИКІЗАТ БИРЖАСЫН ҚҰРУ ҮШІН ҮКІМЕТТІҢ НЫҚ ЕРІК-ЖІГЕРІ МЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ КӨП ҚАРЖЫСЫ ҚАЖЕТ

 

Астана. 11 қазан. ҚазТАГ – Елена Преображенская. 2010 жылдың тамызында премьер-министр Кәрім Мәсімов «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының отырысында Қазақстанда тауарлы-шикізат биржаларын дамыту туралы тапсырма берді: Лондон тауарлы шикізат биржасында (LSE) саудаланатын отандық шикізат тауарлары қазақстандық тауар биржасы арқылы ғана саудалануға тиіс. Ал мемлекеттік органдар 2010 жылдың соңына дейін ұсыныстар әзірлеп, үкіметтің қарауына ұсынуға тиіс. Қазақстанның бұл процеске дайындығы, елімізге дамыған биржалық саудадан келер пайда туралы ҚазТАГ-қа парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов айтып берді.

 

- Премьер айтқандай «тауарлы биржаларды дамыту және шикізат тауарларын Қазақстанда сату мәселелері жеткілікті деңгейде шешілмей отырса», Қазақстан осындай қысқа мерзімде шикізат нарығын ұйымдастырып, реттеп, әмбебаптандыруға дайын ба? Сіздің ойыңызша, бұл үшін ең алдымен не істеу керек?

 

- Премьер-министрдің Қазақстанға тауарлы-шикізат биржалары керек деген пікірімен толықтай келісемін, бұл – игілік. Экономикалық дамыған держава атануға үміткер кез-келген елде осындай биржа болуға тиіс, бұл – мемлекеттің экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі. Қытай нарықтық экономикаға көшкенде ең алдымен, елде өндірілетін немесе шығарылатын тауарлар мен шикізат саудаланатын орын - Шанхай тауарлы-шикізат биржасын құрды.

Биржалық сауда белгілі бір тауардың ішкі бағасымен сыртқы нарыққа шығу үшін елдің өзіне қажет. Бұл осы тауарлардың басқа нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қысқаша айтсақ, бұл - әліппе, аксиома! Қазақстан үшін кез-келген тауарлы-шикізат биржасы қажет.

Бұған қол жеткізуге бола ма деген басқа мәселе. Қазір 2009 жылы қабылданған заң қолданыста бар («Тауарлы биржалар туралы» - ҚазТАГ). Заң шеңберлі мәнге ие, ол бірінші кезекте, аграрлық сектордың сұраныстарын қанағаттандырады деп ойлаймын. Меніңше, бұл заң бірінші кезекте, Еуразиялық сауда жүйесін (ЕСЖ) құру қажеттілігінен жасалды. Онда негізінен бидай сатылады. ЕСЖ-нің күмәнсіз бір артықшылығы – өткізу нарығының тұтынушыға жақындай түсуі. Бүгінгі күні біз өзімізде (Қазақстанда - ҚазТАГ) бидай сатамыз, ал ЕСЖ бағалары әлемдік биржалық бағаларға барынша жақындастырылған. Байқасаңыз, қазір Қазақстанда бидай бағасының бұрынғыдай күрт құбылып отырған жоқ. 

 

- Биржалық сауда экономикалық тұрғыдан алғанда соншалықты маңызды болса, осы уақытқа дейін оған мән бермеудің себебі неде және елімізде тауарлы-шикізат биржаларын неге дамытпаған?

 

- Бірден айтайын, үкімет басшылығы бұл мәселеде жеткілікті деңгейде саяси ерік-жігер таныта алмады. Сонымен қатар, тауарлардың белгілі бір түрлерінің өндірісін, шикізат өндіруді монополиялап алған түрлі экономикалық топтардың айқын мүддесі тағы бар. Тауарлы-шикізат биржасы – сатушылар мен сатып алушылар жиналатын орын. Сату-сатып алу манипуляцияларының, келіссөздердің нәтижесінде тауардың әділ нарықтық бағасы белгіленеді, тауарларды/қызметтерді сатып алу ьендерлерінде осы баға назарға алынады. Мұны салық органдары салықтық базаны ескере отырып, есепке алуға тиіс және ол трансферттік бағаның әділ анықталуына ықпал етеді.

Яғни, тауарлы-шикізат биржаларын құру көптеген мәселелерді шешуге көмектеседі. Әрине, бұл процесс (биржалық сауда – ҚазТАГ) әділ бағаның қалыптасуына ықпал етіп, қосымша кіріс табу әрекеттерін азайтады. Баға әділ болмаса, кірістер де сондай, былайша айтқанда еңбекпен таппаған кіріс көбейеді. Осындай кірістер көбінің көңіліне ұнайтын, тауарлы-шикізат биржаларының құрылмай келуі де сондықтан шығар.

Бірақ Қазақстанда нарықтық экономиканың қалыптасу процесінің өзі тауарлы-шикізат биржаларының да, қор биржасының да құрылуына жағдай жасаған жоқ. Бізде өткен жекешелендіру әдісі – купондардың көмегімен жекешелендіру мұндай процеске алғышарт жасаған жоқ. Жекешелендірілген мемлекеттік мүлік сату-сатып алу затына айналған жоқ, нарыққа түскен жоқ.

Сондай-ақ, объективті себептер де бар. Мысалы, біз өзіміздің тауарлы-шикізат биржасын құра аламыз, бірақ Қазақстанның ішінде ғана, өзіміздің шағын биржамызды. Көп дегенде ТМД елдері үшін. Өйткені кез-келген тауарлы-шикізат биржасы онда саудаланатын тауарларды немесе тауарлардың қасиеттерін әмбебаптандыруды және стандарттауды қарастырады. Бізге тауарлардың көптеген түрлеріне кеңестік стандарттар мұра болып қалды, бірақ халықаралық стандарттардың олардан айырмашылығы жер мен көктей. Тауарлы-шикізат биржалары үшін бұл да кедергі болып отыр.

Менің ойымша, Кеден одағы құрылғаннан кейін, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін бұл саладағы көптеген көрсеткіштер КО мен ДСҰ нормаларына сәйкестендіріледі, сондықтан бұл шешуге болатын мәселелерге жатады.

 

– Қазақстандық тауарлы-шикізат биржалары арқылы бірінші кезекте қандай қазақстандық тауарлар сатылуға тиіс деп ойлайсыз? Олардың пайда болуы ҚР-дағы қор нарығын KASE шеңберіндегімен салыстырғанда дамудың жоғарғы сатысына итермелей ме?

 

– Қазақстанда бағасын тауарлы-шикізат биржалары арқылы әділ қалыптастыруға болатын тауарлар көп. Уран сияқты стратегиялық тауарлар біздің биржада негізгі тақырып болуы да мүмкін. Олар негізінен фьючерстік мәнге ие, бұл тауарлар бойынша ақшалай – споттық келісімшарттар өте аз. Сондай-ақ, фьючерстік келісімшарттар кезінде жақсы мағынадағы көптеген спекуляциялар туындауы мүмкін. Тәуекелдерді хедждеу пайда болады және т.с.с. Осылайша, қор нарығының элементтері пайда болып, дамиды. Қазақстанға қазір жетпей отырғаны – осы.

Кез-келген тауарлы-шикізат биржасы мультипликативтік әсер беретінін ұмытпаңыз. Споттық келісімшарттардан басқа, биржа жедел және фьючерстік келісімшарттарды жүзеге асыруға тиіс. Дәл осы фьючерстік келісімшарттар қор нарығының дамуына ықпал ететін жаңа қаржы құралдарын, құнды қағаздарды туындатады. Мұнаймен, газбен және т.б. қамтамасыз етілген құнды қағаздар пайда болғанда процесс тауарлы-шикізаттық түрінен (спекулятивті - ҚазТАГ) қор биржасының түріне ауысады. Көптеген елдерде тауарлы-шикізат және қор биржалапы бір алаңда орналасқан.

Бізде KASE әзірге жақсы жұмыс істейтін нотариалдық кеңсе сияқты келісімшарттарды рәсімдеумен ғана айналысады. Оны негізінен келісімшарттарды рәсімдеу үшін ғана пайдаланады, мен KASE-ні толыққанды қор нарығы деп есептемеймін. Қазақстанда толыққанды тауарлы-шикізат биржаларын құрудың әлеуеті зор және оның қор нарығы үшін де, ұлтық экономика үшін де әсері оң болады деген сенімдемін.

 

- Шикізатты биржалық саудада ғана сату биржада саудаланатын мұнай өнімдерінің және басқа да шикізат тауарларының қымбаттауына алып келмей ме? Қаржы брокерлерінің пікірінше, ЕСЖ-нің өзінде комиссиялық алымдар тым жоғары... Биржаға белгілі бір тауарды/шикізатты шығаруға осы кедергі келтіріп отырған шығар?

 

- Бүгінгі күні бағасы әлемдегі биржалардың бірінде белгіленбейтін бір де бір тауар жоқ. Біздің биржада болмаса да, бағаны қалыптастырудың белгілі бір межесі бар. Биржада бағаның қалыптасу механизмі өмірдегідей болғандықтан, тауардың бағасы комиссиялық алымның жоғары болғанына байланысты қымбаттап кетті деуге болмайды. Комиссиялық алымдар бағаға әсер етпейді, олар биржаның жұмысын ұйымдастыруға әсер етеді. Өз қызметі үшін келісімшарттың белгілі бір пайызын алатын брокерлер бар, бірақ бұл фактор биржалық бағаға және тауардың бағасына әсер етеді деуге болмас.

Мемлекет араласпаса, тауарлы биржадан тиісті нәтиже шықпайды. Мемлекет қаржы жұмсамаса, нәтиже болмайды. Және қаржы көп қажет екенін атап көрсетейін. Жеке меншік инвестордың бұған (тауарлы-шикізат биржасын құруға - ҚазТАГ) шамасы жетеді деп ойламаймын. Қалай болғанда да, мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Премьер-министр бұл мәселені көтерді, бірақ енді оны саяси ерік-жігермен, материалдық жағымен қолдау қажет. Идея сонда жүзеге асады.

 

- Индустрия және сауда вице-министрі Альберт Раудың айтуынша,биржалық тауарлардың тізіміне тұрмыстық көмір енгізіледі, ал экспортқа шығарылатын көмір ол тізімге кірмейді. Бұл жағдай халық үшін көмірдің қымбаттауына, әлеуметтік жағдайды күрделендіруге алып келеді деп ойламайсыз ба?

 

- Баға тауарлы-шикізат биржасында қалыптасса, ол әділ болады. Және ешқашан қымбаттамайды, тек арзандайды. Өйткені сұраныс пен ұсынысты біреудің тілегі немесе алдын ала сөз байласу әрекеті емес, нарық реттейді. Көптеген биржалардың тәжірибесі осыны көрсетіп берді.

Көмір бағасы өсе бастаса, мемлекеттің оны нарықтық әдіспен реттеу мүмкіндігі бар. Баға өссе, қоғам өкілдері: «Көмір қымбаттады! Бағаны өсіруге тыйым салыңдар!» дейді. Бірақ бұл нарықтық әдіс болып табылмайды. Ал біз көмір өндірісін арттыруды міндеттей алсақ, ол көбірек жеткізіледі, биржада көбірек сатылады және баға да тиісінше төмендейді. Бидай бағасын да, басқа тауарлардың бағасын реттеудің нарықтық тетігі міне, осындай.

Мемлекеттің тауарлы биржасы болса, ол қазіргідей бағаны әкімшілік жолмен емес, нарықтық әдістермен реттеу мүмкіндігіне ие болады.

 

 - Тау-кен шикізаты қазақстандық бизнесмендерді қызықтырмайды, ол негізінен шетелдерге кетеді. Қазақстанда биржа ашылса, эскпорттаушылар биліктің шикізатты қазақстандық биржада саудалау талабына қарсылық білдіре ме, қалай ойлайсыз?

 

- Металлургияға қажет шикізатпен қиындықтар туындауы мүмкін екені рас. Біздің тау-кен өндіруші компаниялардың негізгі тұтынушылары Қазақстаннан алыс орналасқан. Ал металл нарығы қалыптасып қалды, ондағы бәсекелестік те күшті. Белгілі бір биржадан кетсе, компанияларымыз өздерінің тауарларын өткізіп жүрген нарықтарынан айырылып қалатыны рас.

 

- Қазақстан үшін жаңа биржа құрған дұрыс па, әлде ЕСЖ базасында қосымша секцияларды іскеқосса, жетіп жатыр ма?

 

- Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, қазіргі кезде Қазақстанда 26 тауар биржасы бар. Бірақ олардың ешқайсысының жеткілікті деңгейде айналымы жоқ. Іс жүзінде бізде ЕСЖ-дан басқа ештеңе жоқ. Тауарлы-шикізат биржасын ЕСЖ негізінде құруға немесе жаңасын ашуға болады. Айтарлықтай айырмашылық жоқ сияқты.

Мен айтқан мемлекеттік шығыны қалай болғанда да шығады. Бірақ ол қаржы толыққанды биржалық сауданы іске қосу үшін қажет.

 

 

Редакциядан:

Қазақстандық қор және тауарлы-шикізат биржаларының келешегі туралы көп айта беруге болады. Нарықтың қатысушылары, мамандар, сарапшылар үнемі бәрін біліп отырады. Бірақ олардың пікірінше, бәрі қате жасалады.

Бірақ шындығына келсек, қор және тауарлы-шикізат нарығын құру - өте ауыр жұмыс.

Биржа дегеніміз не? Әдетте, бұл – сатушылар, сатып алушылар және оларға қызмет көрсететін делдалдардың кездесетін орны. Бұл бәрі айқайлап, дөрекі сөйлеп жататын алып ғимарат емес (ХХ ғасырдың басында солай болған), бұл - бірінші кезекте, инфрақұрылым, әділ ойын ережелері және әрбір қатысушының мүдделерін қорғау тетіктері.

Капитал биржалары және тауарлы-шикізат биржасы туралы айтқанда, ең алдымен «бізде келісімшарттар жасау үшін ойыншылар, сатып алушылар, сатушылар бар ма?» деген сұрақ туындайды?

KASE жұбатарлық деңгейде қызмет етіп отыр, қалай болғанда да, қор нарығы үшін инфрақұрылым құрылды. Ал тауарлы-шикізат биржалары үшін әлі бәрі алда. Бидай нарығын алайықшы, ондағы ойыншылар саны жеткілікті ме? ЕСЖ-дағы келісімшарттардың басым бөлігі тәуекелдерді хедждеу үшін жасалатыны құпия емес. Яғни, ЕСЖ шикізат биржасы ретінде жартылай ғана қызмет етіп отыр, қалғаны – қаржы секторындағылардың алыпсатарлық мүддесі.

Тақырыпты түсінетін оқырман келіспей, мұнай нарығының басым бөлігі фьючерстермен, демек, алыпсатарлықпен де қамтамасыз етілетінін айтар, тіпті CFD-келісімшарттар, жеткізілімсіз қаржы құралдары туралы еске салар.

Бірақ ақшаны нақты материалдық активке айырбастауды қарастырмайтын CFD-келісімшарттардың саудасы шын мәнінде шартты ережелер мен келісімдермен реттелетін ауаның саудасы болып табылады. Қазақстан билігі нарықты құру жолында осындай алыпсатарлыққа куә болғысы келетіні екіталай.

Сондай-ақ, жеткізілімсіз келісімшарттар биржа «бос» нарықтың ликвидтілігін күнделікті түрде қолдай алатын шексіз ойыншылары бар жаһандық биржа желісіне қосылғанда ғана жасалуы мүмкін.

Тауарлы-шикізат биржалық тауарлардың саудасы іске қосылғанда көтерме нарықта тұрмыстық көмірдің немесе мұнайдың бағасын қалыптастыру механизмі ашылады. Бірақ бұл нарықты ірі трейдер-делдалдар монополиялап немесе олигополиялап алмайды деп ойлаған ақымақтық болар еді. Сондай-ақ, делдалдардың комиссиялық сыйақысы ақырғы бағада ескеріледі. Бұл шығындарды қандай нарықтық әдіс шектей алады? Бұл брокерлердің бәсекелестігі күшті болғанда ғана мүмкін, ал қызу бәсекелестік сатып алушылар-сатушылардың саны көп болғанда ғана туындайды.

Сондықтан Қазақстанда базалық металдар нарығын құру келешегі туралы айтқанда күнделікті демей-ақ қояйық, «апталық сауданы қамтамасыз ете алатын белгілі бір базалық металдың ірі тұтынушылары мен өндірушілерінің жеткілікті саны жинала ма?» деген сұраққа жауап беру керек.

ҚР кеңістігінде ғана сауда жүргізу үшін базалық бағалы емес металдардың сұранысы мен ұсынысын жеткілікті көлемде қамтамасыз ету мүмкін емес екені түсінікті. Бағалы металдарға сұраныс бар, олар биржалық тауар бола алады, бірақ оларды сатып алу-сатуға ҚҚС алынып тасталғанан кейін ғана. Мұның қашан болатынын ешкім білмейді.

Сондықтан отандық металлургиялық корпорациялар мен ұлттық компаниялар үшін металл, мұнай, газ сияқтыларды Лондон және Нью-Йорк биржаларының көрсеткіштерімен сатқан тиімді. Ал қазақстандық биржада уранмен келісімшарт жасау аса қауіпті.

Бұл жерде әлемдік биржалардың олигополиялығы туралы ұмытпау керек. Сондай-ақ,  CME де, ICE де қазақстандық бәсекелеске есігін айқара ашады деп үміттенудің де керегі жоқ.


 


adimage