Алматы. 15 тамыз. ҚазТАГ - Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында бірден екі өрт сөндірілуде, деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
«Қазіргі уақытта Қарқаралы ауданында дала өртінің 2 жағдайы тіркеліп отыр. Ынталы ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта 49 гектар аумақта құрғақ шөп жанған. Өрт 14 тамыз күні 21:30-да ауыздықталды. Оны сөндіруге облыстық ТЖД-ның 10 қызметкері мен 2 техника, ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 12 қызметкер мен 3 техника тартылды. Екінші өрт Едрей ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 45 шақырым қашықтықта шыққан. Жалын шарпыған аумақ анықталып жатыр. Оны сөндіруге ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 17 қызметкер мен 5 техника жұмылдырылды», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Сондай-ақ, Қарағанды облысы ТЖД ақпарынша, Шет, Ақтоғай және Нұра аудандарында да дала өрті тұтанып жатыр.
«Өткен тәулікте Шет, Абай, Бұқар Жырау және Осакаровка аудандарында 11 дала өрті ауыздықталды. Оның аумағы 5-48 гектар аралығын қамтиды. Ағымдағы жылы орын алп отырған жауын-шашынсыз, ыстық ауа райы табиғи өртсанын арттырып отыр, ал жел өрттің қысқа уақыт ішінде тез таралуына ықпал етуде. Сондықтан ормандар мен далада өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырамыз», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 13 тамызда Қарағанды облысы Бақты орман шаруашылығындағы өрттің сөндіріліп жатқаны хабарланған еді. ҚР ІІМ ТЖК ақпарынша, 12 тамыз сағат 17.26-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылынан 30 шақырым жерде «Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Бақты орман шаруашылығы аумағында құрғақ шөптің өртеніп, орманға таралғаны туралы хабар келіп түскен.
14 тамызда Қарағанды облысы Бақты орман шаруашылығындағы өрттің екінші тәулік сөндіріліп жатқанын хабарлады. Қарағанды облысы ТЖД ақпарынша, орман өртінің жалпы алаңы 2,5 мың га. құраған.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында бірден екі өрт сөндірілуде
