Қарағанды облысы Бақты орман шаруашылығындағы өрт сөндірілді

Алматы. 16 тамыз. ҚазТАГ - Қарағанды облысы Бақты орман шаруашылығындағы өрт сөндірілді, деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
«2019 жылдың 16 тамызында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінің аумағында болған өрт ауыздықталды. Бұған төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінің күші мен құралдарының, «Бұйратау», «Баянауыл», «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Кувск шаруашылығы», сондай-ақ «Қазавиақұтқару» бөлімшелері қызметкерлерінен құрылған күштер мен құралдар тобының арқасында қол жеткізіліп отыр. Әуеге тікұшақтар да көтерілді. Жалпы біріккен күш-жігердің арқасында осы нәтижеге жеттік. Аздаған бықсыған орындар қалып отыр. Оларды сөндіргеннен кейін өрттің толық сөндірілгенін жариялаймыз», - деді Қарағанды облысы ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаев жұмада.
Ведомствода атап өтілгендей, жаңбыр мен ауа температурасының төмендеуі де өрттің сөнуіне ықпал еткен.
Бұған дейін хабарланғандай, Қарағанды облысы Бақты орман шаруашылығындағы өртті сөндіруге үшінші тік ұшақ жұмылдырылды, өрттің жалпы алаңы 3,7 мың га. құрайды, оның ішінде орман аумағының алаңы 1,9 мың га. .
Еске салсақ, 13 тамызда хабарлағандай, 12 тамызда сағат 17:26-да өрт сөндіру қызметіне Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ кентінен 30 шақырым қашықтықта, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бақты орман шаруашылығының аумағында құрғақ шөп жанып, өрт орманға таралғаны туралы хабар түскен. Өрт шыққан аумақта «Қазавиаорманқорғау» МИ-2 тікұшағымен әуеден шолып шықты. Бастапқы болжам бойынша, өрт 70 гектар орман алқабын шарпыған.
14 тамызда Қарағанды облысы Бақты орман шаруашылығындағы өрттің екінші тәулік сөндіріліп жатқаны хабарланған еді. Қарағанды облысы ТЖД ақпарынша, орман өртінің жалпы алаңы 2,5 мың га құраған. 15 тамызда өрттің жалпы алаңы болжам бойынша 2870 га ұлғайған, оның ішінде орман алқабының аумағы 1320 га.
15 тамызда Қарқаралы ауданында дала өртінің 2 жағдайы тіркеліп отырғаны жеткізілді. Ынталы ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта 49 гектар аумақта құрғақ шөп жанған. Екінші өрт Едрей ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 45 шақырым қашықтықта шыққан. Сондай-ақ, Қарағанды облысы ТЖД ақпарынша, Шет, Ақтоғай және Нұра аудандарында да дала өрті тұтанған.

adimage