Қарағанды облысында «Охотзоопром» инспекторы қызмет бабында көз жұмды

Күні: 13:01, 14-01-2019.

Алматы. 14 қаңтар. ҚазТАГ - Қарағанды облысында «Охотзоопром» инспекторы қызмет бабында көз жұмды, деп мәлім етті ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
«2019 жылдың 13 қаңтарында сағат шамамен 18.00-де «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары Қарағанды облысының Нұра ауданының аумағына рейд жүргізу барысында атып алынған 5 киікті тапты. Рейд барысында Toyota Land Cruiser маркалы екі автокөлік табылды, соның бірі ұсталды. Автомобильді тексеру барысында белгісіз адамдар қарсылық көрсетті. Соның салдарынан бір инспектордың жағы сынып, пышақ жарақатын алса, екінші инспектордың миы шайқалып, ес-түсінен айырылды. Оны дәрігерлер құтқара алмады», - деп жазды С. Ділдахмет дүйсенбідегі өзінің Facebook парақшасында.
Ол атап өткендей, оқиға орнына құқық қорғау органдарының жедел тобы аттанды.
«ҚР ҚК 107 б. 2 б. бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және заң бұзушылардың кім екенін анықтау және оларды ұстау бойынша шаралар жүргізілуде. Барынша толық ақпарат кейін ұсынылады», - деді ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы.


Жаңалықтармен бөлісу: