Қарағанды облысында Qarmet зауытында қаржы жымқырған қылмыстық топтар ұсталды

    Қарағанды. 30 мамыр. ҚазТАГ- Қарағанды облысында Qarmet зауытында қаржы жымқырған қылмыстық топтар ұсталды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
   «Qarmet металлургиялық компаниясының нысандарында ұрлық және оның қызметкерлеріне қатысты басқа да ауыр қылмыстар жасаған бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесілді»,- делінген бейсенбі күнгі хабарламада.
   2023 жылдың наурыз айында Qarmet АҚ-ның металл өнімдерін ұрлауды жолға қойған 40 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ және оның көшбасшысы ұсталды.
   2023 жылдың тамыз айында аймақтағы криминогендік жағдайға және компанияның қызметіне теріс әсер еткен ұйымдасқан қылмыстық топ көшбасшысы мен 27 мүшесі құрықталды.
   «Қылмыстық істерді тергеу нәтижесі бойынша олардың Қарағанды облысының аумағында миллиондаған жымқыру, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны туралы дәлелдер жиналды. Тергеу аяқталды. Енді іс прокурорға жолданады», — дейді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
   2023 жылдың желтоқсан айында Қарағанды облысының Абай ауданындағы Qarmet кәсіпорнының шахтерлерін бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды.
   2024 жылдың сәуір айында ІІМ, ҰҚК және Мемлекеттік күзет қызметі Бас прокуратураның үйлестіруімен металлургия комбинатынан аса ірі мөлшердегі ақша ұрлау бойынша қылмыстық схеманы жолға қойған қылмыстық топтың мүшелерін ұстады.
   «Қылмыстық схема бақылаудағы мердігерлік және күзет ұйымдары арқылы жоқ тауарды жеткізуден тұрған. Шығын 1,5 млрд теңгеден асады. Ұстау және тінту шаралары бір мезгілде Қарағанды, Теміртау және Алматы қалаларында өткізілді. Күдіктілер қамауға алынды. Кәсіпорындарда ұрлыққа жол бермеу бойынша жұмыс ерекше бақылауда», — деді Қуандық Алпыс.

Фото көзі: polisia.kz


adimage