«Соттың мәліметінше, 2025 жылғы 21 мамыр күні шамамен сағат 16:50-де Ж. WhatsApp мессенджері арқылы 2025 жылғы 30 мамырға жоспарланған рұқсат етілмеген шеруді өткізу туралы ақпарат таратқан. Іс материалдарына сәйкес, іс-шара саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналмақ болған, алайда ұйымдастырушы заңда көрсетілген мерзімдерде үгіт-насихат жүргізбеген. Сот Ж.-ның бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын ескерді», – делінген Қарағанды қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық сотының хабарламасында.
Сот ер адамның рұқсат етілмеген іс-шараға қатысуға ашық шақыру жасағанын, бұл арқылы «Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңды бұзғанын айтты.
Сот оны «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзды» деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Бұған дейін Астана, Өскемен, Шымкент, Павлодар және Петропавл қалаларында белсенділердің саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу шеруін өткізу туралы хабарламаларына әкімдіктер рұқсат бермеген. Кейбір өтініш берген азаматтарға әкімшілік жаза, тіпті қамауға алыну қаупі туралы ескерту жасалған.
Кейінірек Орал мен Семей қалаларында да жергілікті билік тұрғындардың еске алу шеруін өткізу туралы өтініштерін қанағаттандырмаған.
Рұқсат ала алмаған белсенділердің айтуынша, әкімдіктер 31 мамырда адамдардың жиналуына жол бермеу мақсатында әдейі осындай шешім қабылдаған.
Фото көзі: Gov.kz