Астана. 1 шілде. ҚазТАГ – «Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР)» араптық компанияның бас директоры Кауаш Хишам тәртіпсіздіктің туындауына себеп болған видео үшін кешірім сұрады, деп хабарлады энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Мен Эли Даудтың іс-әрекеті үшін барлығыңыздан кешірім сұрағым келеді. ССЕР басшылығы мен қызметкерлерінің атынан бұл компания саясатына, құндылықтары мен қағидаттарына сәйкес келмейтін келеңсіз оқиға болғанын айтқым келеді. Аталмыш жағдайдан кейін онымен арадағы келісімшарт бұзылып, ол жұмыстан босатылды», - деді Хишам дүйсенбіде.
Ол компанияның «осы жағдайға қатысты толық ішкі тергеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды қабылдайтынын» жеткізді.
«Қолымды жүрегіме қойып, ССС компаниясының бауырлас қазақтарға ерекше құрметпен қарайтынын айтқым келеді. Мен болған жайт үшін тағы да кешірім сұраймын. Осы оқиға туралы естіген бойда жағдайды реттеу үшін дереу Атырауға ұшып шықтым. Бүгінгі таңда Теңіздегі жағдай тұрақты, өлім-жітім, ауыр дене жарақаттары болған жоқ», - деген Хишам.
Еске сала кетейік, 29 маусымда араптың әлеуметтік желідегі жарияланамы үшін Теңізде 3GI зауытында 1 мыңдай жұмысшы ереуілге шыққан.
Атырау облысы әкімдігінде мәлімдегендей, 29 маусымда шамамен 11.00-де «Теңіз» жұмысшылар кентінде (аталмыш кен орны Атырау қаласынан 340 ш, Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 120 ш. қашықтықта орналасқан) «Сohsolited Contracting Endihering and Prourement S.A.L Offshore (CСЕР)» компаниясының жұмысшылары жұмыс учаскесінде жиналып, Ливия азаматы Eli Daoud-тің «WhatsApp» профиліндегі жақында жариялаған суретіне ашуларын білдірген, ол суретте ливиялықтың қолында рациясы бар, ал оның антеннасы қызға қарай бағытталған.
Сондай-ақ, әкімдікте хабарлағандай, оқиға орнында уәкілетті органның барлық лауазымды тұлғалары, аудан прокуроры бар, жұмысшылармен кездесу үшін облыс әкімі де ұшып шыққан, ПД, ҰҚКД өкілдері, облыс прокуроры да келген, оқиға орнында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұр.
Кейін белгілі болғандай, энергетика бірінші вице-министрі Досмұхамбетов кешке Атырауға ұшып шықпақ.
Кейін Ливиялық Эли Дауд қазақстандықтар алдында кешірім сұраған видеохабарламасын жариялады. Атырау облысы полиция департаменті «Теңіз» жұмысшылар кентіндегі бұзақылық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Аталмыш жағдай барысында 30 шақты адамға медициналық көмек көрсетілген, қаза тапқандар жоқ.
Араптық компания басшысы тәртіпсіздіктің тууына себеп болған видео үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады
