Арыс тұрғындарын апта соңында кіргізетін боламыз

Күні: 10:47, 27-06-2019.

Алматы. 27 маусым. ҚазТАГ – Арыс тұрғындарын апта соңында кіргізетін боламыз, деп мәлімдеді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
«Арыс қаласына тұрғындарды апта соңында кіргізетін боламыз. Уақытын нақты 28 маусым күні хабарлап айтамыз. Себебі, халықтың қауіпсіздігі үшін қаланы әлі де толық тазартуымыз қажет. Тұрғындарды қалаға кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың 16 ауданынан 640 жауапты (1 аудан – 40 адам) азамат бекітілді. Тұрғындар үйіне оралған соң тұрғын-жайларына келтірілген шығындар бойынша бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасайды. Осы материалдар келтірілген шығындарды есептеуге көмек береді», - деді сәрсенбіде Түркістан облысы Ақжол ауылы Жамбыл ат. мектепте баспасөз мәслихатын өткізген Шөкеев.
Оның айтуынша, тұрғындарды үйлеріне орналастыру үшін облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді.
«Арыс қаласы толық қалпына келеді. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Мемлекет тарапынан арыстықтарға қолдау көрсетіледі. Бұл қиындықты да бірге еңсере аламыз», - деді әкім.
Халықты алаңдатқан сұрақтарға жауап берген Шөкеев Арыстағы жағдайдың тұрақталғанын, қауіптің сейілгенін айтты.
Сондай-ақ Арысқа арнайы келген «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев апатқа қатысты өзойын білдіріп, республика бойынша ашылған гуманитаралық көмек туралы айтып өтті.
«Бүгінгі таңда 9 облыстан гуманитарлық көмек жеткізілді. Барлық облыстарда Арыс қаласына көмек беру бөлімдері ашылды. Бұл – қазақстандықтардың арыстықтарға көрсетіліп жатқан қайырымдылық шарасы. Алдағы уақытта құрылыс материалдарын жеткізуге мұрындық боламыз», - деді ол.
Түркістан облысы әкімдігінің ақпарынша, қазіргі таңда Арыстағы ТЖ толық бақылауда, өрт толықө сөндірілген, көшелер мен үйлер тексерілген.
Сондай-ақ, әкімдікте хабарлағандай, Арыстағы төтенше жағдайдың шығыны мен зардабын жою үшін облыс әкімдігі тарапынан арнайы қор құрылды. Қазірдің өзінде бұл қорға 200 млн. теңгеден астам қаржы жиналып үлгерді.


Жаңалықтармен бөлісу: