Арыс тұрғындарын қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан кейін қаладан 50 шақырым жерге эвакуациялауда

Астана. 24 маусым. ҚазТАГ – Арыс тұрғындарын қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан кейін қаладан 50 шақырым жерге эвакуациялауда, деп хабарлады Қазақстанның ІІМ ТЖК баспасөз қызметінен.
«Арыс қаласы әкімінің өкімімен халықты Арыстан 50 шақырым жердегі Монтайтас ауылдық округіне эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Бұл үшін 20 автобус жұмылдырылды. Сонымен қатар халықты көшіру үшін Шымкент қаласының әкімдігі 36 автобус жіберді. Шымкент қаласында 15 эвакуациялау бекеті құрылды. Қазіргі уақытта Арыстан 17 бала жеткізіліп, Самал-3 шағынауданындағы Назарбеков атындағы №87 мектепке орналастырылды», - деп хабарлады ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов дүйсенбіде.
Оның айтуынша, жұмылдырылған азаматтық қорғаныс күштерінің іс-қимылын үйлестіру мақсатында өңірге ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер аттанып кеткен.
«Өртті сөндіруге Түркістан облыстық ТЖД өрт сөндіру бөлімшесінің күштері мен құрал-жабдықтары, жеке құрамның 75 маманы мен 16 техникасы жұмылдырылды. Өрт орнына қосымша Шымкент қалалық ТЖД-ның 118 маманы мен 7 техникасы жіберілді», - деді комитеттен.
Жалпы төтенше оқиға орнында ҚР ІІМ бөлімшелерінен жеке құрамның 463 маманы мен 53 техникасы, оның ішінде азаматтық қорғаныс органдарының 193 қызметкері мен 23 техникасы, полиция бөлімшелерінің 270 қызметкері мен 30 техникасы жұмылдырылған.
«Төтенше жағдайды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ», - деп мәлімдеді Нұрахметов.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Соңғы ақпар бойынша, оқиға орнында өрт сөндіру және эвакуациялық жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, зардап шеккендер анықталуда. Облыс әкімінің басшылығымен жұмыс тобы құрылған.
Елдің әр түрлі өңірінде жарылысқа байланысты жергілікті ТЖД-де қауырт желі ашылған.


adimage