Арыс тұрғыны: қалада ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ, БАҚ тек кей үйлерді ғана көрсетуде

Күні: 11:26, 30-07-2019.

Астана. 30 шілде. ҚазТАГ – Динара Халдарова. Арыста ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ, БАҚ тек кей үйлерді ғана көрсетуде, деп мәлімдеді қала тұрғыны Сәуле Ильямова.
«Мен (Нұр-Сұлтанға – ҚазТАГ) Арыстан тек өз атымнан ғана емес, басқа да қарапайым халық атынан келдім. Біз секілді қарапайым тұрғындардың саны көп. Қазір Арыста ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Тіпті жұмыс жүргізілген жағдайда, тек ақшасы барлар мен билігі, (...) жоғарыда ағалары барларда ғана жүргізілуде. Жаңалықтарда тек аздаған ақаулары бар үйлер ғана көрсетілуде – терезелері, есіктері мен төбелері зақымданған. Осы үйлердің есік –терезелері дұрысталып, Арыста қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр деп көрсетуде. Өздеріңіз барыңыздар, қаланы жаяу аралап шығыңыз, мен сияқтылардың қанша екенін көресіздер», - деді Ильямова дүйсенбіде Министрлер үйінде.
Оның айтуынша, кеше оларға әкімдіктен келген.
«Кеше әкімдіктен келді, біз оларға да бардық, олар бізді 12-ші сектор үшін жауап беретіндерге жіберді, біз оларға да бардық, олар болса өз кезегінде әкімдіктегілерге жіберді. Олар бізді бір-біріне футбол добы құсап ысырмалап отыр. Ақырында біздің сектор үшін Ақтөбеден келген адамдардың жауапты екенін білдік, олар шиферді әкеліп тастаған, ары қарай өздеріңіз істеңіздер деген», - деп шағымданды Ильямова.
Сонымен қатар, ол атап өткендей, 80 жасар еңбек ардагері Пернебай Еділбековтың үйіне де ешкім келмеген, көмек ұсынбаған, ең болмаса оның еңбегін елеп болса да келмеген.
«Үйінің қабырғалары қалпына келтіруге жатпайды, есігі де, терезесі де жоқ, үйден дала көрінеді. Міне осындай үйлердің қабырғаларын тұрғызамыз дейді, ал есік-терезесін өзіміз салуымыз керек. Егер ақшамыз болса, біз бұлай жүрмес едік, бәрін өзіміз қалпына келтіріп алар едік. Тамыз басталып жатыр, ешқандай нәтиже жоқ, тек шиферін әкеліп тастап кетті, ары қарай біз өзіміз жасауымыз керек екен. Осы үшін мен Астанаға Арыстың барлық қарапайым тұрғындарының атынан көмек сұрап келдім», - деді Ильямова.
Арыс тұрғынын Министрлер үйінде құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Алмаз Ыдырысов тыңдап, Ильямоваға Арысқа өзі барып, үйлерді қарап шығуға уәде берді.
Еске салсақ, 24 маусымда сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты, 165 адам зардап шекті. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді.
15 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы ТЖ үшін қатаң сөгіс жариялады. Сонымен қатар 17 шілдеде мемлекет басшысы бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке «Арыстағы жарылыс дерегі бойынша қылмыстық істің тексерілуінің объективтілігі мен заңдылығын қамтамасыз етуді және барлық кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды» тапсырды.


Жаңалықтармен бөлісу: