Астана. 28 маусым. ҚазТАГ - Арыс толығымен тазартылды, деп хабарлады ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері Арыс қаласын жарылғыш заттардан толық тазартты. ТЖ жою орнында ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың өзі де жүр, ол қаланы тазарту және жергілікті тұрғындардың үйлеріне оралу жағдайларын жеке бақылауында ұстап отыр (…) Қару-жарақтың 6 мыңнан астам жарықшағы жиналған, олар алдағы уақытта қауіпсіз жерге шығарылады. Жергілікті тұрғын қару-жарақ бөлшектерін тапқан жағдайда хабарласуға арналған мобильді инженерлік-саперлік бекеттер ұйымдастырылған», - делінген жұмадағы хабарда.
Сонымен хабарланғандай, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге қаланың 17 секторындағы жедел штабтарды аралап, халықтың сұрақтарына жауап берді.
Ведомствода еске салғандай, жарылу қаупі бар заттардан жаппай тазарту үшін Арыс аумағы 17 секторға бөлінген.
«Таңғы сағат 05.00-де тазартылған учаскелерге бақылау жүргізілді. Аумақты тазалау аяқталған соң Арыс-1 және Арыс-2 стансыларынан барлық бағыттағы пойыздардың қозғалысы қалпына келтірілді. ҚР Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық барлау топтары қаланың радиациялық, биологиялық жағдайына толық мониторинг жүргізген. Радиациялық фонды өлшеу кезінде улы және кері әсер ететін заттар табылмаған», - деп хабарлады қорғаныс минінен.
Ведомствода атап өткендей, қала аумағында саперлер жасағы әлі болады Сондай-ақ әуеден тұрақты бақылау орнатылып, әскери қойма аумағы мен оған іргелес жерлерге мониторинг жүргізіледі. Олардан жеткен ақпарат жедел штабқа түсіп отырады.
«Қазаргі таңда қарулы Ккүштердің жеке құрамы Арыс тұрғындарына өз үйлеріне қайта оралуға көмектеседі. Әскери психологтар да елмен жұмыс істеп, консультациялар өткізеді», - делінген хабарда.
Бұған дейін хабарланғандай, 24 маусым күні қару-жарақ жарылысы салдарынан Арыстан Шымкентке эвакуацияланған жүздеген тұрғын билкіпен кездесуді талап етіп, «Ақмешіт» мешітінің алдында жолды жауып тастағаны хабарланған еді. Кейін оларға Түркістан облысы мен Шымкент облысының әкімдері Өмірзақ Шөкеев пен Ғабидулла Әбдірахымов келді.
Шөкеев жиналғандармен «Ақмешіт» мешітінің ішінде сөйлесуге, ал Әбдірахымов сыртта сөйлесуге тырысты. Бірақ әкімдер мен жиналғандар арасында ондай диалог болмады, себебі қарсылық танытушылар бірінен соң бірі айқайлап жатты.
Арыстан эвакуацияланғандардың негізгі талабы – басқа елді мекеннен баспана мен жер беру, себебі олар Арыстағы радиациядан қауіптеніп отыр. Алайда Шөкеевтің айтуынша, қару-жарақ жарылысынан Арыста ешқандай радиация болмайды.
27 маусым күні кешке қарай Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс тұрғындары қалаларына 28 маусым күні сағат 8.00-де қайтарыла бастайды деп мәлімдеді.
28 маусымда сағат 6.00-де Арыс тұрғындары Шымкенттен үйлеріне қайта бастады. Оларды тасымалдауға 200 бірлік (150 автобус пен 50 шағын автобус) техника жұмылдырылды. Тасымалдау жалғасуда.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, 24 маусымда сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жағдай ішкі істер органының бақылауында.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімдігінде әкімдік жанынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Түркістан» корпоративті әлеуметтік даму қорының құрылғанын айтты.
ҚР ІІМ ақпарынша, ТЖ салдарынан үш адам қаза тапқан, 165 адам зардап шеккен, оның 89-ы ауруханаға жатқызылса, 76-сы үйлеріне қайтарылған.
ІІМ ақпарынша, қаладан шамамен 41 мың халық эвакуацияланған, периметрі бойынша блокбекеттер қойылған, себебі үйлерге зақым келуде, сондай-ақ, жарылмаған снарядтар да бар, қалаға кіруге тыйым салынған, кіретін және шығатын көліктер тексерілуде.
Бұған дейін хабарланғандай, оқиға орнында тоғыз минасыздандыру тобы жұмыс жасап жатыр.
Сондай-ақ, құтқарушылар әскери бөлім аумағында жарылыстың тоқтағаны туралы мәлімдеді.
Бұл ретте ТЖК әлі де жарылыс қаупі сақталып отырғанын атап өтті.
Соңғы ақпар бойынша, Арыста саперлер 5.7 астам әскери снаряд табылып, олар арнайы техникамен эвакуациялануға дайындалған. инженерлік техникамен Арыс қаласының 16 учаскесіндегі барлық көшелер мен 11 шақырым теміржол төсемдері тазартылды. Қорғаныс министрлігімен бірлесе жеке және көпқабатты үйлерді тазарту жұмыстары жүргізілді.
Арыс толығымен тазартылды – қорғаныс мині
