Астана. 24 маусым. ҚазТАГ –Арыстағы қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан жолаушылар пойызы кешіктірілуде, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен.
«Түркістан облысы Арыс қаласында болған оқиғаға байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ы «Шымкент –Арыс –Темір» жол учаскесінде пойыздардың кестеден тыс кешігуі туралы хабарлайды.
«ҚТЖ» АҚ-на қарасты барлық мекемелер осы жол торабында қатынайтын барша жолаушылар пойыздарының қауіпсіздігі үшін алдын ала шараларын өткізуде», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, пойыздардың кешігуі туралы ақпарат сәйкесінше вокзал кешендерінде берілуде.
«Сондай- ақ барша ақпаратты 105 бірыңғай қоңырау орталығы арқылы да біле аласыздар. Жолаушылар пойызының кешігуі туралы ақпарат мәліметтердің түсуіне қарай жаңартылып отырады. Ұлттық тасымалдаушы өз жолаушыларынан түсінушілікпен қарауын өтінеді», - делінген баспасөз қызметінің хабарында.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Соңғы ақпар бойынша, оқиға орнында өрт сөндіру және эвакуациялық жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, зардап шеккендер анықталуда. Облыс әкімінің басшылығымен жұмыс тобы құрылған
Арыс қаласы әкімінің өкімімен халықты Арыстан 50 шақырым жердегі Монтайтас ауылдық округіне эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Бұл үшін 20 автобус жұмылдырылды. Сонымен қатар халықты көшіру үшін Шымкент қаласының әкімдігі 36 автобус жіберді. Шымкент қаласында 15 эвакуациялау бекеті құрылды.
Елдің әр түрлі өңірінде жарылысқа байланысты жергілікті ТЖД-де қауырт желі ашылған.