Арыстағы қару-жарақ жарылысынан қаза тапқандар саны екіге өсті

Астана. 25 маусым. ҚазТАГ – Владимир Радионов/Согдияна Идрисова. Арыстағы қару-жарақ жарылысынан қаза тапқандар саны екіге өсті.
«ТЖ салдарынан екі адам қаза тапты – біреуі әскери қызметкер, біреуі Арыс тұрғыны, зардап шегушілердің екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр, 34-і ауруханада, 12-сіне медициналық көмек көрсетілді, ауруханаға жатқызылған жоқ», - деп хабарлады сейсенбідегі үкімет отырысында ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғұмбаев.
Ол атап өткендей, снарядтардың ұшуынан әскери бөлім қоймасындағы өртті сөндіру қиындап отыр.
Сонымен қатар, ол нақтылағандай, қаланың өзінде 23 өрт сөндіру есебі жұмыс жасап жатыр, олар 19 тұрғын үйдегі, тоғыз шаруашылық жайдағы, 14 қала маңындағы өртті сөндірген.
ІІМ ақпарынша, қаладан шамамен 41 мың халық эвакуацияланған, периметрі бойынша блокбекеттер қойылған, себебі үйлерге зақым келуде, сондай-ақ, жарылмаған снарядтар да бар, қалаға кіруге тыйым салынған, кіретін және шығатын көліктер тексерілуде.
«Қалада ұрлық болмау үшін полицияның 75 жасағы жұмыс жасауда. Қазірдің өзінде екі ұрлық жасалған: бір дүкен мен бір үйге ұрлық жасалған. Күдіктілер ұсталды. Балаларға қатысты: іздестірілгендер ата-аналарымен қауышты, қазіргі таңда арыз-шағымдар жоқ», - деді Тұрғұмбаев.
Өз кезегінде ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қалаға екі мультидисциплинарлық дәрігерлер бригадасының жіберілгенін хабарлады. Олардың құрамында реаниматологтар, травмотологтар, балалар реаниматологтары мен нейрохирургтары бар. Зардап шегушілерді эвакуациялауға арналған екі тік ұшақ дайындалған.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жағдай ішкі істер органының бақылауында.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімдігінде әкімдік жанынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Түркістан» корпоративті әлеуметтік даму қорының құрылғанын айтты.


adimage