Арыстағы қару-жарақ жарылысынан бір адам қаза тапты

Алматы. 24 маусым. ҚазТАГ - Арыстағы қару-жарақ жарылысынан бір адам қаза тапты, деп хабарлады Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
«Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпарынша, денсаулық сақтау желісі бойынша арнайы қызмет штабына бүгінгі таңда облыстағы медициналық мекемелерге 31 зардап шегуші келіп түскен, оның екеуінің жағдайы ауыр, қалғанының жағдайы орташа және жеңіл. Бір адам қаза тапты, себебі оның көлігіне снаряд түскен. Қалған ақпар нақтылануда», - деді Шөкеев дүйсенбідегі брифингте.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қзаақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Соңғы ақпар бойынша, оқиға орнында өрт сөндіру және эвакуациялық жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, зардап шеккенер анықталуда. Облыс әкімінің басшылығымен жұмыс тобы құрылған
Арыс қаласы әкімінің өкімімен халықты Арыстан 50 шақырым жердегі Монтайтас ауылдық округіне эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Бұл үшін 20 автобус жұмылдырылды. Сонымен қатар халықты көшіру үшін Шымкент қаласының әкімдігі 36 автобус жіберді. Шымкент қаласында 15 эвакуациялау бекеті құрылды.
Елдің әр түрлі өңірінде жарылысқа байланысты жергілікті ТЖД-де қауырт желі ашылған.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ Шымкент–Арыс–Тимур учаскесіндегі жолаушылар пойызының кешіктіріліп жатқанын хабарлаған еді.
Сондай-ақ, хабарланғандай, Арысқа жақын маңдағы елді мекендерден халық өз беттерімен кетуде.
Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінде хабарлағандай, 23 адам Арыстағы жарылыс салдарынан ауруханаларға түскен.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жағдай ішкі істер органының бақылауында.

adimage