Арыстағы екі жасар баладан коронавирус анықталды

Түркістан. 7 сәуір. ҚазТАГ - Арыста екі жасар бала коронавирус жұқтырған, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен. 
«2020 жылғы 6 сәуірдегі жағдай бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар саны – 33. Арыстық 2018 жылғы сәби, Кентау қаласының 1982 жылғы, 2003 жылғы, 2005 жылғы тұрғындарынан алынған талдама нәтижелері бойынша олардың вирус жұқтырғаны анықталды. Олардың барлығы Шымкентке Нұр-Сұлтан бағытындағы 076 поезбен келген Жетісайлық азаматшамен байланыста болған науқастардың жақын туыстары», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Баспасөз қызметінің ақпарынша, жалпы облыс бойынша Жетісайда - 13, Кентау-5, Ордабасы-1, Сайрам-2, Мақтарал-4, Арыс-6, Сарыағаш-1 тұрғыны індетке шалдыққан.
«Соңғы түскен мәліметке сәйкес 1990 жылғы Жетісай қаласының тұрғыны да коронавируспен ауырып жатқан науқаспен жақын байланыста болған», - делінген хабарда.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 670 жағдайы тіркеліп, 46-сы жазылып, алты адам көз жұмған. 

adimage