Арыстағы өрт толық сөндірілді

Алматы. 27 маусым. ҚазТАГ – Арыстағы өрт толық сөндірілді, деп хабарлады ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев.
«Қаладағы өрт толық сөндірілді. Қаладағы негізгі көшелер мен алаңдардың бәрі тексеріліп, тазаланды. Біздің сапер мамандарымыз 500-дей снаряд қалдығы мен жарылғыш заттарды тауып, залалсыздандырды. Қорғаныс министрлігі тарапынан тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Енді біз қаладағы барлық үйдің ауласын толық тексереміз. Дәл қазір қалаға ешкімді кіргізе алмаймыз. Бұған тұрғындардың түсіністікпен қарауын өтінеміз. Арыстықтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс», - деп келтіреді Құрманбаевтың сәрсенбідегі баспасөз-мәслихатындағы сөзін Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 
Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер қауіп бұлты сейілгенін, алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.
«Кейбір ақпарат құралдарында адамдар із-түссіз жоғалды деген ақпарат тарады. Бұл негізсіз екенін мәлімдеймін. Бастапқыда көшу барысында тұрғындар бір-біріне хабарласа алмай, қиындықтар кездескен болатын. Қазір ол мәселе шешіліп, туыстар да, балалар да табылып жатыр. Сонымен бірге әлеуметтік желілердегі ірі жарылыс болатыны, суқоймалардан су жіберілетіні туралы қауесеттер де жалған. Қазіргі таңда облыстағы суқоймалар тұрақты режимде жұмыс істеп тұр және ол жұмыс режимін өзгерту туралы жоспар жоқ. Сондықтан ресми расталған деректерге ғана сенулеріңізді сұранамыз», – деді ол.
Ал еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин Арыс қаласында радиация жоқ екенін айтты.
«Ең бірінші біздің мамандар Арыс қаласында дезинфекция жұмыстарын жүргізеді. Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланады. Қаладағы ауызсу жүйесі қатаң қадағаланады. Су құрамы, құбырлар тексеріледі. Эвакуациялық орындарда да мамандарымыз жұмыс істеп жатыр. Жалпы Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты», – деді.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатындаветеринар мамандар Арыстағы үй ауласында қалған төрт түлік бойынша жұмыс жүргізетіні айтылды.Өлген мал залалсыздандырылып, заңға сәйкес өтемақы беру жолдары қарастырылады.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев алдағы үш күнде эвакуациялық қабылдау орталықтарының жұмысы күшейтіліп, гуманитарлық көмек беру шарасы жалғасатынына тоқталды. Осы игі іске атсалысып жүрген барша азаматтарға алғысын айта келе Арыс қаласындағы нысандар қалпына келтіріліп, тұрғындардың жағдайы жасалатынын жеткізді.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, 24 маусымда сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жағдай ішкі істер органының бақылауында.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімдігінде әкімдік жанынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Түркістан» корпоративті әлеуметтік даму қорының құрылғанын айтты.
ҚР ІІМ ақпарынша, ТЖ салдарынан екі адам қаза тапқан, 165 адам зардап шеккен.
ІІМ ақпарынша, қаладан шамамен 41 мың халық эвакуацияланған, периметрі бойынша блокбекеттер қойылған, себебі үйлерге зақым келуде, сондай-ақ, жарылмаған снарядтар да бар, қалаға кіруге тыйым салынған, кіретін және шығатын көліктер тексерілуде.
Бұған дейін хабарланғандай, оқиға орнында тоғыз минасыздандыру тобы жұмыс жасап жатыр.
Сондай-ақ, құтқарушылар әскери бөлім аумағында жарылыстың тоқтағаны туралы мәлімдеді.
Бұл ретте ТЖК әлі де жарылыс қаупі сақталып отырғанын атап өтті. 26 маусымда Түркістан облысының әкімдігі әскерилердің Арыстың 16 көшесінен 70 жарылмаған снаряд жинағанын, әлі көбінің үйлерде жатқанын мәлімдеді.
Соңғы ақпар бойынша, медициналық көмекке 70 адам жүгінген, оның 45-і ауруханаға жатқызылған, үш адам қаза тапқан.

adimage