Арыстағы ТЖ: ҚР қорғаныс министрі Ермекбаевқа қатаң сөгіс жарияланды

Астана. 16 шілде. ҚазТАГ – ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы ТЖ үшін қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ұсынымы негізінде өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны және ведомстволық бақылауды әлсіреткені, соның салдарынан Арыс қаласында әскери бөлімшедегі қару-жарақтың жарылуына жол берілгені үшін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевқа қатаң сөгіс жарияланды», - делінген дүйсенбідегі хабарда. 
Еске салсақ, Нұрлан Ермекбаев 2018 жылдың 7 тамызынан бастап ҚР қорғаныс министрі болып тағайындалған еді.
Бұған дейін хабарланғандай, 24 маусымда сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жағдай ішкі істер органының бақылауында.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімдігінде әкімдік жанынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Түркістан» корпоративті әлеуметтік даму қорының құрылғанын айтты.
ҚР ІІМ ақпарынша, ТЖ салдарынан үш адам қаза тапқан, 165 адам зардап шеккен, оның 89-ы ауруханаға жатқызылса, 76-сы үйлеріне қайтарылған.
30 маусымда белгілі болғандай, ауруханаларда Арыстағы жарылыс салдарынан зардап шеккен әлі 50 науқас жатыр.
1 шілдеде ҚР қорғанысмині Арыстағы қару-жарақ сынықтарын жоюға кіріскен.
2 шілдеде Арыстағы режимдік нысан аумағында оқ-дәрілерді видеоға түсіру дерегі бойынша қызметтік тексеру басталды.
2 шілдеде ІІМ ТЖК төрағасы Владимир Беккер нақтылағандай саперлер Арыстан 11,5 мың қару-жарақ пен оның сынықтарын тапқан.
3 шілдеде белгілі болғандай, Арыста болған жарылыс себебін анықтаумен қатар, бөлінген қаржы да тексеріле бастаған.
4 шілдеде қорғаныс министрлігі хабарлағандай, Арыста қару-жарақ сынықтарын жою басталған.
5 шілдеде белгілі болғандай, Арыстағы әскери бөлімді басқа жерге ауыстыру жұмыстары басталған.
7 шілдеде қорғанысмині Арыста қызметтік тексеру жүргізу үшін қорғанысминінің бас инспекциясының комиссиясы келгенін жеткізді.
8 шілдеде арнайы комиссия Қазақстанның қарулы күштерінің қару-жарақты сақтау нысандарын тексеруді бастағаны белгілі болды.
10 шілдеде президент тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте 55 602 тұрғынға (Арыс қаласы – 44 994 адам, Ақдала ауыл округі – 4 324 адам, Қожатоғай ауыл округі – 4 232 адам, Дермене ауыл округі – 2 052 адам)100 мың теңгеден жалпы 5,6 млрд.теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві есебінен 3 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге және арнайы құрылған «Түркістан» әлеуметтік қорына түскен қаржыдан1,6 млрд. теңге бөлінеді деп күтілуде деп хабарлады.
Сонымен қатар Арыста қауіпсіздік және дабыл қағу жүйесі толық ауыстырылатыны белгілі болды.

adimage