Арыстағы жарылыс салдарынан 165 адам зардап шекті

Астана. 25 маусым. ҚазТАГ – Согдияна Идрисова. Арыстағы жарылыс салдарынан 165 адам зардап шекті, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Қазіргі сәтте медициналық көмекке 165 адам жүгінген, оның 76-сы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық ем қабылдауға жіберілді, 89 науқас стационарлық ем алу үшін жатқызылды, сонымен қатар бір адам өлімі (ІІМ ТЖК ақпарынша екі жағдай – ҚазТАГ) тіркелді», - деді сейсенбі күні Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.
Оның ақпарынша, бүгінгі таңда жан сақтау бөлімдерінде 15 науқас жатыр, оларға қойылған негізгі диагноз – үйлесімді жарақат, науқастардың көбі облыстық ауруханаға, Шымкенттегі балалар және қалалық ауруханаларына жатқызылған.
«Медициналық көмек көрсету үшін Арыс қаласынан, Ордабасы ауданынан, Түркістан, Кентау қалаларынан және Шымкент қаласынан 22 жедел-жәрдем көрсету бригадасы ұйымдастырылған. Қосымша Жамбыл облысынан 4 бригада жіберілген және Жамбыл мен Қызылорда облыстарынан тағы да 12 бригада толық дайындықта тұр», - деді вице-министр.
Сонымен қатар, ол апат орнында жүрген дәрігерлер тобы туралы да айта кетті, олар жедел түрде ота жасалған Арыс тұрғындарына қолдау көрсетуде.
«Жедел түрде тасымалдау керек болған жағдайда медициналық құрал-сайманмен жабдықталған және бортында мобильді бригадасы бар санитарлық авиацияның екі тік ұшағы дайын тұр», - деді Әбішев.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жағдай ішкі істер органының бақылауында.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімдігінде әкімдік жанынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Түркістан» корпоративті әлеуметтік даму қорының құрылғанын айтты.
ҚР ІІМ ақпарынша, ТЖ салдарынан екі адам қаза тапқан – біреуі әскери қызметкер, біреуі Арыс тұрғыны, зардап шегушілердің екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр, 34-і ауруханада, 12-сіне медициналық көмек көрсетілді, ауруханаға жатқызылған жоқ. Ол атап өткендей, снарядтардың ұшуынан әскери бөлім қоймасындағы өртті сөндіру қиындап отыр. Сонымен қатар, ол нақтылағандай, қаланың өзінде 23 өрт сөндіру есебі жұмыс жасап жатыр, олар 19 тұрғын үйдегі, тоғыз шаруашылық жайдағы, 14 қала маңындағы өртті сөндірген.
ІІМ ақпарынша, қаладан шамамен 41 мың халық эвакуацияланған, периметрі бойынша блокбекеттер қойылған, себебі үйлерге зақым келуде, сондай-ақ, жарылмаған снарядтар да бар, қалаға кіруге тыйым салынған, кіретін және шығатын көліктер тексерілуде.
Бұған дейін хабарланғандай, оқиға орнында тоғыз минасыздандыру тобы жұмыс жасап жатыр.
Сондай-ақ, құтқарушылар әскери бөлім аумағында жарылыстың тоқтағаны туралы мәлімдеді.


adimage